3 500 доллар не білімге, не үйге жетпейді. Дәулет Мұқаев балаларға төленетін қор ақшасы туралы

14 Маусым 2023, 11:22
2399
Бөлісу:
3 500 доллар не білімге, не үйге жетпейді. Дәулет Мұқаев балаларға төленетін қор ақшасы туралы
Фото: Артём Чурсинов - Архив

Депутат Дәулет Мұқаев Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық қордан 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін төлемге қатысты мемлекеттік органдар өкілдеріне сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мысалы, үйде ағайынды балалар болады. Қазір үлкені 17 жаста делік. Осы Ұлттық қордан берілетін 3 500 долларды 18 жылға есептегенде олар әр жыл сайын шамамен 200 доллар ғана алады. 200 доллар не білімге, не үйге жетпейді. Осыдан мынадай сұрақ туындайды: өзінің артынан еріп келе жатқан бауыр, қарындас, інілеріне ақшаны беру, аудару мүмкіндігі бар ма? Егер болмаса, неге осы мәселені қарастырмасқа? – деп сұрады депутат Қаржы министрлігі өкілінен.

Өз кезегінде Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков депутаттың сұрағына жауап берді.

Біз бұл сұрақты да талқыладық. Егер бір отбасыда 18 жасқа толмаған бірнеше бала осы ақшаны алатын болса, олардың құқығы Отбасы банкіне аударылады. Отбасы банк депозит арқылы мысалы, 3-4 баланың депозитін біріктіріп, тиісті бір мақсатқа жұмсай алады. Мақсат бір – ол пәтер алу. Ондай мүмкіндік қарастырылған, - деп жауап берді вице-министр Мәжілісте.

Сонымен қатар заңды таныстырған депутат Үнзила Шапақ та сұрақтың жауабын толықтыра кетті.

Ол ақша 10 жылға дейін БЖЗҚ сақталады. Себебі ол балалардың бәрі бір жылда 18 жасқа толмайды. Сол себепті өзінен кейінгі бауырларының жасы 18 жасқа толған сәтте ғана ол ақшалар қосылады. Осыған дейін қолданылған Зейнетақы қорынан ақша алу механизмімен бірдей болады. Бұл заңда бар, - деп айтты депутат.

Еске сала кетейік, бүгін депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Өзгелердің жаңалығы