Темекі шегу мен алкоголь бас және мойын қатерлі ісігінің даму қаупін арттырады

19 Қыркүйек 2023, 21:31
1034
Бөлісу:
Темекі шегу мен алкоголь бас және мойын қатерлі ісігінің даму қаупін арттырады
Фото: Жалғасбек ТОҚТАМЫСОВ - Архив

Бас және мойын ісігі – бас пен мойынның әр түрлі бөлігінде, мәселен, ауыз қуысында, көмейде, мұрын жолдарында, сілекей бездерінде, қалқанша безінде және т.б. пайда болатын қатерлі ісік, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдейді.

Жыл сайын Қазақстанда бас және мойын қатерлі ісігінің 1700-ге жуық жаңа жағдайы, қалқанша безі қатерлі ісігінің 700-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі.

Алматы онкологиялық орталығының онкологы Самал Тойынбекованың айтуынша, бас және мойын қатерлі ісігінің даму қаупін айтарлықтай арттыратын 2 фактор бар, ол - темекі мен алкоголь. Оны бірге пайдалану тәуекелді арттырады.

Бас және мойын қатерлі ісігінің даму қаупін арттыратын басқа факторлар да бар. Күн сәулесінің астында ұзақ болу да осы факторлардың бірі. Сондай-ақ, ерін аймағы ісігі, бас және мойын терісінің қатерлі ісігі, адам папилломавирусы, мұрын-жұтқыншақ ісігінің дамуында маңызды рөл атқаратын Эпштейн-Барр вирусы (EBV), экологиялық немесе кәсіби ингалянттар, олармен демалу кезінде ағзаға әр түрлі химиялық қосылыс енеді (лак-бояу материалдары, асбест), марихуананы пайдалану, радиоактивті сәулеленудің әсері, дұрыс емес тамақтану және т.т.

Тағы бір фактордың бірі - жақындарыңызда бас және мойын қатерлі ісігінің болуы, - деп қосты дәрігер.

Самал Тойынбекованың айтуынша, адам жынысы да маңызды. Статистика бойынша, ер адамдар бас және мойын қатерлі ісігіне 2-3 есе жиі шалдығады екен. Бұл ауруға 45 жастан асқан адамдар көбірек бейім.

Бас және мойын қатерлі ісігінің белгілері ұзақ уақыт бойы емделмейтін ауыздағы немесе бас пен мойын терісіндегі ауырсыну, ісіну, жаралар, бітелген мұрын, жұтыну немесе тыныс алудың қиындауы, дауыстың немесе сөйлеудің өзгеруі және тұрақты күйзелісті қамтуы мүмкін.

Бас және мойын қатерлі ісігін диагностикалау үшін биопсия, компьютерлік томография және магнитті-резонансты томография сияқты әр түрлі әдіс қолданылады.

Бас және мойын обырын емдеу ісікті хирургиялық алып тастау, сәулелік терапия, химиотерапия немесе осы әдістердің комбинациясын қамтуы мүмкін. Қатерлі ісік сатысына және оның таралуына байланысты қосымша емдеу қажет болуы мүмкін.

Бас және мойын қатерлі ісігі - ауыр ауру, бірақ оны ерте анықтау және емдеу сіздің өмір сүру мүмкіндігіңізді арттырады. Сондықтан үнемі медициналық тексеруден өтіп, қандай да бір белгілер пайда болған жағдайда дәрігерге көрінген маңызды.

Өзгелердің жаңалығы