Бұл туралы Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, туристің алғашқы әсері әуежай мен шекарадан басталады.
Ондағы қызмет сапасы – ел туралы көзқарасты қалыптастыратын алғашқы қадам. Кейбір туристер үшін виза рәсімдеу ұзаққа созылып, бірнеше сағатқа дейін жалғасып жатады. Өткізу пункттерінде Q-gate (кю-гэйт) жүйесін кеңінен енгізу туристерге ыңғайлы болар еді, - деп атап өтті министр.
Сондай-ақ ведомство басшысы туристерге тегін SIM-карта беру туралы ұсыныс айтты.
Сонымен бірге, Алматыда жақсы бастама қолға алынып — туристерге тегін шоколад таратылады. Осындай жылы іс-шаралар елдің қонақжайлылығын білдіреді. Грузияда бұл – шарап, бізде – шоколад болуы мүмкін. Тағы бір ұсыныс – туристерге келген бойда тегін SIM-карта беру. Бұл оларға алғашқы сәттен бастап интернет пен байланысқа қол жеткізуге көмектеседі, - деді Ербол Мырзабосынов.
Сонымен қоса министр кең таралған проблеманың бірі – заңсыз такси қызметтері туралы айтт.
Олжас Абайұлы, сіздің тапсырмаңыз бойынша халықаралық әуежайларда QR-код жүйесі енгізілді. Онда сенімді такси, қонақүйлер, электронды сим-карталар мен туристік нысандар туралы ақпарат көрсетіледі. Әкімдіктер бұл жұмысты тұрақты түрде қадағалап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыруы керек, - деді министр Үкімет басшысын.
Қажет болса, заң бұзушыларға қатысты жауапкершілікті күшейту мүмкіндігі де қарастырылады деп отыр.