Тбилисиде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне арналған дөңгелек үстел өтті

27 Тамыз 2022, 14:48
1423
Бөлісу:
Тбилисиде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне арналған дөңгелек үстел өтті

Нұр-Сұлтан қаласында 2022 жылғы 14-15 қыркүйекте өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне арналған «Бейбітшілік пен келісім жолындағы конфессияаралық диалог» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Грузиядағы Елшілігі Н.Назарбаевтың конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту орталығымен, сондай-ақ Тбилиси қаласындағы Қазақстан-Грузия экономикалық бірлестігімен бірлесіп онлайн форматта ұйымдастырды.

Дөңгелек үстелде «GSAC» атты грузин ақпараттық-талдау орталығының сарапшысы Гела Васадзе модератор ретінде, қатысушыларды кездесу тақырыбымен таныстырып, Қазақстан мен Грузияның саяси-экономикалық қана емес, рухани деңгейдегі өзара тығыз байланысын атап өтті.

Қазақстан тарапынан сөз алған әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, ғылыми кеңесші, «Қоғамдық пікір» зерттеу институты жобаларының директоры Ботагөз Рақышева қатысушыларды Қазақстан мен Грузиядағы мәдени-діни құндылықтарды зерттеу жұмыстарының нәтижесімен таныстырды.

Философия ғылымдарының кандидаты, Н. Назарбаевтың конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі орталығының Дінтану зерттеулері департаментінің директоры Рузия Камарова өз сөзінде екі ел арасындағы тығыз рухани және тарихи байланыстарды және болашақта осы қатынастарды нығайту қажеттілігін атап өтті.

Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, «Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының» жетекшісі Раздыкова Гүлназ Қазақстанның елдегі дінаралық келісімді қамтамасыз ету мәселелеріндегі тәжірибесіне назар аударды. Ол ҚР-да бейбітшілік пен келісімде 130-дан астам ұлт өкілдері өмір сүріп жатқанын атап өтті.

Грузия тарапынан сөйлеген Азаматтық интеграция қорының директоры Заур Халилов Қазақстан мен Грузия арасындағы рухани қарым-қатынастарды дамыту мен тереңдетудің үлкен перспективаларын атап өтті. Сонымен бірге, езидтер қауымдастығының рухани жетекшісінің құқық қорғаушысы/заң кеңесшісі Агит Мирзоев бұл байланыстарды жастарды қосу және оларға ортақ құндылықтарды сіңіру арқылы дамыту керек деп қосты. Оның пікірінше, бұл тұрғыда тарихты білу және осы білімді тереңдету үлкен рөл атқарады.

XXI ғасыр одағы (Грузия) басқармасының төрағасы Паата Гачечиладзе Қазақстанда жоспарланып отырған іс-шараны жоғары бағалады және осындай отырыстар мен дөңгелек үстелдерді тұрақты негізде өткізуді ұсынды.

Баяндамалардың қорытындысы бойынша дөңгелек үстелге қатысушылар іс-шара аясында көтерілген мәселелерді сындарлы түрде талқылады, сондай-ақ алдағы VII Съезге сәттілік тілеп, оның  «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі конфессиялар көшбасшыларының рөлі» атты тақырыбының өзектілігін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы