Тәжікстанда мемлекеттік және жекеменшік ұйымдардың барлық қызметкерлері үшін күн сайын дене жаттығуларын жасау міндеттелді. Тиісті өзгерістер елдің Денсаулық сақтау кодексіне енгізіліп, заңды күшіне енді.
Күн сайын кемінде 20 минут жаттығу
Жаңа талапқа сәйкес, ұйымдар мен мекемелердің қызметкерлері күн сайын кемінде 20 минут дене шынықтыру жаттығуларымен айналысуы тиіс. Бұл норма мемлекеттік мекемелерге де, жекеменшік кәсіпорындарға да бірдей қолданылады.
Билік өкілдерінің айтуынша, бастаманың негізгі мақсаты – халық арасында семіздіктің алдын алу, қант диабеті қаупін төмендету және салауатты өмір салтын насихаттау. Бұл денсаулықты нығайтуға бағытталған бастама. Сонымен қатар азаматтардың денсаулығын жақсарту арқылы еңбек өнімділігін арттыру көзделіп отыр.
Заң талаптарының орындалуын бақылау ұйым басшыларына тапсырылған. Олар қызметкерлердің жаттығу жасауына қажетті жағдай жасап қана қоймай, дене шынықтыру шараларына өздері де қатысуы қажет.
Талапты орындамағандарға шара қолданылады
Жаңа ережені сақтамағандарға тәртіптік жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда, ескерту немесе сөгіс сияқты тәртіптік жаза түрлері қолданылуы мүмкін.
Аймақтағы ерекше тәжірибе
Осылайша, Тәжікстан дене белсенділігін заң деңгейінде міндеттеген санаулы елдердің қатарына қосылды. Сарапшылар мұндай қадам халық денсаулығын жақсартуға ықпал етуі мүмкін екенін айтса, кейбір мамандар оның орындалу тетіктері мен тиімділігі уақыт өте келе белгілі болатынын алға тартады.