Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында 2026 жылға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау конкурсының басталуына арналған брифинг өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, комиссия мүшесі Ғайни Есембекова және өткен жылғы грант иегері Айжан Өмірбаева қатысты.
Жиында 2021 жылдан бері Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен шығармашыл жастарды қолдау мақсатында бұл грант жыл сайын беріліп келе жатқаны атап өтілді.
2026 жылы республикалық деңгейде әрқайсысы 3 млн теңгеден 30 грант қарастырылған. Грантқа 14 пен 35 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары қатыса алады.
Конкурс алты бағыт бойынша өткізіледі:
- ғылым;
- мәдениет;
- ақпараттық технологиялар;
- бизнес;
- медиа;
- волонтерлік.
Өтінімдер 2026 жылғы 21 сәуір мен 21 маусым аралығында қабылданады (21 маусым күні сағат 24:00-ге дейін).
Қатысу үшін үміткерлер конкурстық өтінім, жоба сипаттамасы, бейнематериал немесе презентация, шығындар сметасы, қажет болған жағдайда зияткерлік меншік туралы мәліметтер және жеке құжат көшірмесін ұсынуы тиіс.
Қосымша ақпаратты көрсетілген байланыс нөмірлері мен электронды пошта арқылы алуға болады.