Тәуелсіз елдің тәуелсіз әліпбиі болады – Әділбек Қаба

2 Ақпан 2021, 15:02
3670
Бөлісу:
Тәуелсіз елдің тәуелсіз әліпбиі болады – Әділбек Қаба
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 28 қаңтарда ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізді. Отырыста Қазақстан 2023 жылдан бастап жаңа әліпбиге көшетіні айтылды.

 Ғалымдардың айтуынша, жетілдірілген әліпби халқымыздың жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс - бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді, диграфтар, яғни бір дыбысты екі немесе одан көп таңбамен белгілеу принципі қолданылмайды. Бұл әліпби жобасында қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған.  

Жетілдірілген әліпбидің ерекшеліктері мен оның емелесі, пернетақтада орналасу реті, және өзге де мәселелер бойынша анық-қанығын жұртшылыққа жеткізу мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қабамен сұхбаттасқан едік.

 

Латын графикасына ауысу не үшін керек?

 

Әділбек Қаба бұл өте ауқымды мәселе екенін алға тартты.

Неге қажет екені туралы ондаған себептерін атауға болады. Тек біреуін ғана атап өтейін. Қазір дүние жүзінде қолданыста елуден астам әліпби бар. Солардың ішінде бірінші орында латын әліпбиі оны дүние жүзі халқының 36 пайызы қолданады. Салыстыру үшін айтсақ, қытай жазуының қолданысы 17 пайыз, араб тілінің қолданысы 11 пайыз. Кирилл жазуының қолданысы 4,5 пайыз ғана. Әлемдік жүйе мейлінше толық латын әліпбиінде. Біріккен Ұлттар Ұйымындағы 6 тілдің үшеуі латын әліпбиінде. Барлық халықаралық ұйымның жұмысы осы әліпби арқылы жүзеге асырылады, - деп атап өтті ол.

Комитет төрағасының сөзінше, халықаралық пошта, халықаралық автомобиль, теңіз, авиация қатынастары латын әліпбиінде. Ол сонымен бірге халықаралық метерологиялық ұйым, халықаралық валюта қоры, халықаралық денсаулық сақтау ұйымы тағы да басқа маңызды халықаралық ұйымдардың әліпбиі.

Әлемдегі қызметтер мен заттардың халықаралық стандартын қалыптастыратын Дүниежүзілік стандарттау ұйымының бірліктері осы әліпбиде. Осыған орай, осыларға қатысты терминдер мен атаулар тек латын таңбаларымен белгіленеді. Сондықтан компьютер, интернет жүйесінде олар өзге әліпбилердің таңбалық жүйесін қабылдамайды. Латын әліпбиінің осындай халықаралық аралық әліпби болуы барлық дерлік тілдердің латын әліпбиіндегі жұмыс нұсқаларын қалыптастырған. Мысалы,ең кең таралған қытай, араб, жапон, үнді, орыс жазуларының да латын әліпбиіндегі стандарттары қабылданған. Латын әліпбиінің халықаралық стандартын Халықаралық фонетикалық ассоциация жүзеге асырады. Бұл – латын әліпбиінің халықаралық деңгейдегі қажеттілігі, - дейді Әділбек Қаба.

Оның айтуынша, латын әліпбиіне көшу ең алдымен біздің қазіргі жаһандану жағдайында әлеммен графикалық тұрғыдан үндесуімізге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, шетелдердегі қазақ қандастарымыздың да әліпби басын біріктіретін құрал болары сөзсіз. Түркі тектес халықтармен де жазуымызда ұқсастық болуы тілдік қарым-қатынасымызды кеңейтуге, түркі әлемін біріктіруге септігін тигізетін болады. Технологиялық тұрғыдан да ықпалдасуға берер пайдасы мол. Ең бастысы осынша жыл рухани тәуелділіктен азат боламыз деген үлкен үміт бар, - деді Тіл комитеті басшысы.

Латынға көшу бізге жаңалық емес

 

Латынға көшу бізге жаңалық емес. Біз 1928-1940 жылдары 12 жылға жуық Нәзір Төреқұлов жасаған, Қ. Жұбанов жетілдірген латын графикалы қазақ әліпбиінде, латын әліпбиінде болдық. Сол кезеңнің кітаптары бүгінгі күні мұрағатта сақталып тұр. Егер біз латын әліпбиіне көшкенде, сол өткен күнмен бүгінгі күннің арасын жалғаған мұралармен, қаза жазуының өткен тарихымен кең танысуға мүмкіндік туады. Бұл дегенміз рухани жаңғырудың бастауы болмақ, - дейді Қаба.

Тәуелсіздік жылдарынан бергі уақытты қарастырсақ, бұған дейін елімізде әліпби нұсқасы ресми түрде екі рет бекітілді. Бірі – апостроф нұсқа, екіншісі – акут нұсқасы.

Алайда бекітілген әліпби жобалары қолданысқа енгізілмеуіне байланысты олармен ешқандай еңбек басылып шыққан жоқ. Алдағы уақытта жаңа әліпбиіміз бекітіліп, қолданысқа енгізілген соң кирилл әліпбиінде болған кезеңдегі басылып шыққан еңбектер жарамсыз болып қала ма деп қауіптенудің еш негізі жоқ деп ойлаймын. Себебі, қазіргі таңда цифрландыру үрдісі қарқынды түрде қолға алынып жатыр, технологияның мүмкіндігі өте жоғары. Қазір барлық саланың базасы цифрландырылып жатқанын білесіздер. Конвертер жүйесі кирилмен жазылған мәтінді минут емес, бірнеше секундтың ішінде-ақ жаңа латын әліпбиіне аударып береді, - дейді ол сұхбатында.

 

Тәуелсіз елдің тәуелсіз әліпбиі болады

 

Әділбек Қаба әліпби ауыстыру негізінде көп нәрседен ұтатынымызды айтты.

Біріншіден, басы артық таңбалардан арылып, төл ұлттық әліпбиімізге қол жеткіземіз, тәуелсіз елдің тәуелсіз әліпбиі болады, әліпби құрамында тілімізде жоқ дыбыстардың таңбаларына орын берілмейді. Екіншіден әлемдік құрмаласуға жақындаймыз, үшіншіден, дүниежүзіндегі қандастармен байланыстың нығаюына, түркі халықтарымен рухани-мәдени тұрғыдан жақынддасуға жол ашылады, - деп түсіндірді төраға.

Ол «Кирилмен жазылған дүниелер ұмытылып қалады, үлкен кісілер үйрене алмайды, балаларын орыс мектебіне береді-міс» деген тәрізді үрейден арылуымыз керектігін айтты.

Кез келген адамға латын әліпбиін үйреніп кету ешқандай қиындық тудырмайды. Алдыңғы ұрпақ мектепте ағылшын, неміс, француз тілінің бірін оқыды. Ол кезде міндетті болатын. Қазір де солай. Яғни жұрттың латын графикасынан сауаты бар. Біршама қайта еске түсіріп, емле ережелерін оқып, үйренсе болғаны. Латыннан қашып баланы орыс мектебіне беру деген де құр дабыраға еру. Әлем елдерінің 36 пайызы латынға өтіп, өркениетке аяқ басып жатып, - дейді Қаба.

Тіл – тәуелсіздігі, ел – тәуелсіздігі. Бұл мәселе адамның патриоттық сезіміне көп байланысты нәрсе, өзін қазақпын деген әрбір азамат қазақ тіліне, ана тіліне құрметпен қарайды деп ойлайтынын жеткізді.

 Алдағы уақытта латынды ресми қабылдағаннан кейін мемлекеттік тіл толықтай сол әліпбиге көшеді. Барлық салада мемлекеттік тілде жазуды талап ететін құжаттар, шарттар т.б. латын әліпбиімен жазылып, толтырылады. Мемлекеттік тіл латын әліпбиіне көшкеннен кейін, барлық салада ол заңмен реттеліп, енгізіледі. Бірден болмаса да, бірте-бірте кирилл жазуының аясы осылайша тарыла береді. Бастапқы кезеңде әрине кирилл мен латын қатарласа қолданылуы мүмкін. Бірақ бірнеше жылдан кейін латын басымдыққа ие болуы уақыт талабы. Ал Ресей ықпалы туралы мәселе, ол мемлекет ұстанатын саясатқа тікелей тәуелді дүние. Латын әліпбиіне көшсек те, Ресеймен достық қарым-қатынас жалғаса беретіні анық, - деп айтты Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба.

Оның айтуынша, аралас мектептердің жүйесінде қазақ тілі пәні негізгі пән ретінде оқытылып келе жатыр. Қазіргі оқушыларды латын әліпбиін меңгеруге толық дайын деп айтуға болады. Оқушылардың психологиялық дайындығы мектептерге жүргізілген апробация кезінде байқалды.

 

Жаңа емленің ережелері. Өзгерістер мен толықтырулар

Әліпби мен емле ережелерін Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобы дайындады.

Жаңа қазақ әліпбиін түзуде және оның емле ережелерін әзірлеуде халықаралық тәжірибелер толығымен ескерілді. Бір мәмілеге келу үшін Орфографиялық жұмыс тобының бір емес, бірнеше мәрте кеңейтілген отырыстары өткізілді. Әліпби мен емлені сараптап талқылауға арналған бірнеше ғылыми семинарлар ұйымдастырылды. Осы жиындарда ғалымдар ұсыныстары мен пікірлері жан-жақты сарапталды. Ғалымдар тарапынан басымдыққа ие болған пікірлер басшылыққа алынды, - деп түсіндірді төраға.

Жаңа емле ережелерінің алдыңғы ережелерден басты айырмашылығы – оның тіліміздің дыбыстық ерекшелігіне, заңдылығына сүйеніп жасалуында.

Алдыңғы ережелер қазақ тілінің грамматикасынан гөрі, орыс тілінің грамматикасына сәйкес келетін. Яғни, орыс тілінің төл дыбыстары сол қалпында сақталып жазылды, сол арқылы енген кірме сөздерді орыс тілінің орфоэпиясына сәйкестендіріп айтатын болдық. Мәселен, о деп жазып, оны а деп оқитын күйге жеттік. Ал жаңа емле тек қазақ тілінің төл дыбыстарына негізделіп жасалды, яғни орыстың 8 әрпі (ю, я, ъ, ь, ц, ч, щ, э) кездесетін дыбыстарды қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне икемдеп айтатын боламыз. Сондай-ақ, бүгінде кейбір сөздердің жазылуында ала-құлалық болды, яғни бір модельдегі сөздер әртүрлі жазылып жүрді. Енді сол олқылықтардың бәрі жаңа емледе бірізденіп, өз шешімдерін тапты, - деді Қаба.

 Сонымен қатар алдыңғы ережелер 10-12 тараудан, 129 параграфтан тұрса, жаңа емле 9 тараудан, 107 параграфтан тұрады. Жаңа емле жазу нормаларын тұрақтандыратын, жұртшылықтың жазу мәдениетін көтеретін бірден-бір көмекші нұсқаулық болмақ.

 

Латын әліпбиін халыққа үйрену қиынға соқпай ма?

Әліпбиді игеру жалпы қиындық тудырмайтыны туралы жоғарыда айтып өттім. Оған қосарым біз қазірдің өзінде латынграфикалы ақпарат кеңістігінде өмір сүріп отырмыз. Айналадағы жарнамалар, жазбалар, атаулар қаласақ та, қаламасақ та латын жазуымен беріліп жүр. Жастар да өзара жазба қарым-қатынастарында ағылшын тілі әліпбиіндегі таңбаларды қолданады. Оқушылар да жаратылыстану пәндерінде, ағылшын тілі пәнінде бұл таңбалармен етене таныс, - деп түсіндірді ол.

Әділбек Қаба ересектерді үйрететін арнайы курстар ұйымдастырылатынын айтты.

Тек емлесімен жазуда, әрине кейбір қиыншылықтар болады, бірақ ол көз үйреніп, қол дағдыланға дейін ғана. Әрі қарай әркім-ақ жаттығып, алып кетеді. Латын әліпбиі қолданысқа түскеннен бастап, түпсанамызда автоматтанғанға дейінгі уақытта ғана осы ыңғайсыздықтар болады. Мысалы, машикамен мәтін теріп жүріп, кейін компьютерге көшкенде біршама қиналдық емес пе, қазір компьютерсіз өмірімізді елесете алмайтын да болдық. Сол секілді күйден тағы бір сәтті өтеміз деп ойлаймын, - дейді ол.

Сонымен қатар, Қаба мырза сұхбат барысында мектеп оқулықтарының жаңа әліпбиге сәйкес дайындалу процесі қалай жүргізілетіне тоқталды.

Латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Мектеп оқулықтары мәселесіне келсек, оның арнайы жоспары жасалған. Соған сәйкес бастауыш кластардан бастап, оның-өзі біртіндеп көшіп отырады. Мектеп оқулықтары да осы ретпен әзірленіп, қолданысқа беріледі. Оның жұмысы да тиісті орган тарапынан жүйелі ұйымдастырылатындықтан мәселе туындамауы тиіс, - деп түйіндеді ол.

Өзгелердің жаңалығы