Тату көрші, стратегиялық әріптес Қытаймен қарым-қатынасымыз туралы

29 Наурыз 2021, 11:02
2480
Бөлісу:
Тату көрші, стратегиялық әріптес Қытаймен қарым-қатынасымыз туралы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кейінгі кезде қоғамымызда Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастар­дың қажеттілігіне, екіжақты ынтымақтастықтың тиімділігіне күмән біл­діріп жүргендердің дауыстары қаттырақ естіліп жүр.

Олардың бір бөлігі «саяси егемендігіміздің жоғалу қаупін» айтса, басқасы еліміздің «Қытайға экономикалық тәуелділігі» туралы сөз қозғайды. Көп жағдайда қауесет әңгімелер ақпараттың жеткіліксіз болуынан немесе берілген ақпараттың бұрмалануынан туындайды. 

Әрине, бұл жайт мемлекеттік орган­дар­дың ақпаратты бұқараға жеткізу тәсіл­дерін жетілдіруі қажеттігін көрсетеді. Деген­мен Қазақстан мен Қытай қа­тынас­тарының соңғы жылдары қарқынды дамуына қызғанышпен қарайтын «үшінші күштердің» де белсенді жұмыс істеп жатқанын естен шығармау керек. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жерінің шетелдіктерге сатылмайтыны және жалға берілмейтіні туралы бірнеше мәрте қайталап айтса да, осы тақырыптың айналасында халықты дүрліктіріп, көшеге шығарып, шерулер ұйымдастыруды көздейтін топтар бар. Олар жер мәселесі бойынша билік тарапынан табанды қадамдар жасалғанын көріп, енді соңғы митингтерде Қытаймен қарым-қатынасты мүлдем шектеу талаптарын көтере бастады.

Осыған орай, 1700 километр ортақ ше­карамыз бар Қытаймен ынтымақтас­тықтың қазіргі жағдайы және оны одан әрі дамыту тақырыбын сараптап көрсек.

Саяси ынтымақтастық

Ең алдымен, біздің мемлекет Тұң­ғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұл­тан Назар­баев негізін қалаған көп­векторлы сыртқы саясатты ұстанатынын еске сала кеткен жөн. Бұл бағытты Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ел дамуының жаңа кезеңіндегі сыртқы сая­си сабақтастығы аясында бірнеше мәрте растаған болатын.

Қазақстан Республикасының сырт­қы саясатының 2020-2030 жылдарға арнал­ған тұжырымдамасында еліміз Ресей Федерациясымен одақтас­тық қаты­­настарды, Қытай Халық Рес­публи­­ка­­сымен жан-жақты стратегия­лық әріптестікті, Америка Құрама Штат­тарымен кеңейтіл­ген стратегиялық әріптестікті, Орталық Азия мемлекет­тері­мен стратегиялық қа­рым-қатынас­тар­ды, Еуропалық Одақ­пен және оған мүше мемлекеттермен ке­ңей­тілген әріптес­тік пен ынтымақ­тас­тықты одан әрі дамытатыны туралы айтылған.

Соның ішінде көршілес Қытаймен жаңа дәуірдегі қатынастарымызға 2022 жылдың 3 қаңтарында 30 жыл тола­ды. Осы тарихи тұрғыдан қысқа мер­зім ішінде екі мемлекет арасындағы ынты­мақ­тастық жаңа деңгейге көтерілді. 1995 жылы Қытай Үкіметі ядролық держава ретінде Қазақстан қауіпсіздігіне кепілдік берді. 1999 жылы Кеңес Одағы заманынан мұра болып қалған шекара мәселесі толықтай шешіліп, Қазақстан және Қытай Үкіметтері арасында тиісті Шартқа қол қойылды. Қазіргі таңда екі мемлекет арасындағы мемлекеттік шекарадағы делимитация және демаркация жұмыстары толығымен аяқталды. Шекара белгілерінің қартаға түсіп, шекара бағаналарының ше­кара бойында орнатылғаны оның мыз­ғы­мастығының белгісі болып табылады.

1996 жылы Шанхайда және 1997 жылы Мәскеуде «Шанхай бестігі» аясында қол қойылған Шекара маңындағы әскери саладағы сенімді нығайту және әскери күштерді өзара қысқарту туралы келісімдерге сәйкес тараптар шекара маңында орналасқан әскери күштерді қысқартуға және олардың жағдайын жыл сайын бірлесіп тексеріп тұру туралы уағдаластыққа қол жеткізген болатын. Қазіргі таңда бұндай тексерулер жылына екі рет бес мемлекеттің қатысуымен жүргізіліп отырады.

Осындай маңызды саяси келісімдерге қол жеткізу екі мемлекет басшыларының саяси еріктерінің арқасында мүмкін болды. Қазір кейбіреулер Қытай үкіметі бұрынғы басшылар қол қойған құжат­тар­ды орындамайды деген түрлі қауесет әңгімелер таратып жүр. Әлбетте, әр халықаралық шартта оның күшінің қалай жойылатыны туралы тиісті баптар бар. Алайда Қытай тарапы бүгінгі күнге дейін бірде-бір рет жоғарыда аталып өткен екіжақты қатынастарды дамытуда ерекше орын алатын келісімдерді тоқтату мәселесін көтермегенін және келіссөздер барысында оларды қатаң ұстанатынын бірнеше рет растағанын атап өткен жөн.

Бұл ретте мемлекет басшылығының Қазақстан мен Қытай арасындағы қаты­нас­тардың қалыптасуына, тұрақты дамуы­на және еліміздің мүддесіне сай болуына ерекше назар аударатынына күмән болмауы керек. Мен 1996 жылдан бері Сыртқы істер министрлігінде қызмет етемін. 25 жыл бойы Қытай бағытында еңбек етіп келемін. Жас дипломат ретінде мемлекет, үкімет және министрліктер басшыларының талай келіссөздеріне аудармашы ретінде, одан кейін аға дипломат болып талай кездесулерге қатысқан тәжірибем бар. Осындай әр кездесудің бас­­ты мақсаты – мемлекет игілігі мен халық пайдасына лайықты ортақ шешімдерге қол жеткізу.

Қытай тарапымен ынтымақтастықта мемлекет басшылары арасындағы жеке қаты­нас­тар ерекше орын алады. Тәуел­сізді­гі­міздің 30 жылы бойы Елбасы Н.На­зар­баев пен Президент Қ.Тоқаев Қы­тай­­­дың үш буын басшыларымен тығыз қа­рым-қатынас орнату арқылы еліміз үшін өзекті мәселелердің оң шешілуіне зор үлес қосқаны даусыз. Соның ішінде екі­­жақты трансшекаралық өзен­дерді бір­­лесе пайдалану мәселесі бойын­ша келіс­сөздерді бастау және көрші мем­лекет­те тұрып жатқан қандастары­мыз­ға жер­гілікті үкімет тарапынан қамқор­лық көр­сету сияқты маңызды мәселелер де бар.

Сондай-ақ екі мемлекеттің халықара­лық ұйымдар аясындағы ынтымақтас­тығына да тоқтала кеткен жөн. Әсіресе Бірік­кен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымы (ШЫҰ), Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі (АӨСШК) шеңберіндегі өзара қолдау­дың биік деңгейде екеніне назар аударамын.

Қытай БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесінің бірі екенін ескере отырып, Қазақстанмен түрлі ғаламдық мәселе бойынша, әсіресе 2017-2018 жыл­дары еліміз аталған құрылымның тұрақ­ты емес мүшесі болғанда тығыз жұмыс істегенін айта кеткен жөн.

АӨСШК құру Елбасының бастамасы екені белгілі. Кейбір сарапшылардың аталған кеңестің жұмысы ШЫҰ іспеттес деген пікіріне қарамастан, Қытай –2014-2018 жылдары АӨСШК-ке төрағалық етіп, оның нығаюына, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын бастауға бастамашы болған және 2014 жылы Шанхайда Кеңестің саммитін өткізген мемлекет.

Экономикалық ықпалдастық

Қытай қазіргі кезде дүние жүзіндегі ең ірі экономикалардың бірі екені белгілі. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылы әлемге тараған коронавирус індетінің теріс әсеріне қарамастан, ҚХР-дың ішкі жалпы өнімі шамамен 16 триллион АҚШ дол­лары болды. Қытай автоматтандыру, робот шығару, цифрландыру, нанотех­нология, биотехнология, блокчейн сияқ­ты салаларға көңіл бөліп, қарқынды дамып келе жатқан экономикасымен ерек­шеленеді. Бірнеше жылдан соң, сарап­шылардың болжамы бойынша, Қытай экономикасы әлемде бірінші орынға шығады. Әрине, осындай алпауыт мемлекет көрші болғанда кейбір адам­дарда түрлі үрей мен қорқыныш туын­дауы таң­ға­лар­лық жағдай емес. Дей тұрған­мен, біз бұдан өз мемлекетіміздің дамуына мүм­кіншілік іздеп, пайда табуымыз керек.

Ең алдымен, Қытай – үлкен нарық. Бір миллиард төрт жүз миллион халқы бар мемлекет тұрғындарын асырау мақ­сатын­да шетелден азық-түлік сатып алуға мәжбүр. Қолда бар ақпаратқа сәйкес Қытайдың жылдық азық-түлік нарығы 1,5 триллион АҚШ долларын құрайды. Демек біздің ауыл шаруашылығымыз үшін көрші мемлекетке өз өнімін экс­портқа шығару басым бағыттардың бірі болуы керек. Өкінішке қарай, қазір Қытай көптеген азық-түлік түрін басқа мемлекеттерден, тіпті басқа құрлықтардан тасымалдауға мәжбүр. Солардың ішінде Оңтүстік Америкада орналасқан және Аустралия мен Жаңа Зеландия сияқты мем­лекеттер ет, сүт, жеміс пен соя сияқ­ты өнімдерді экспорттау көлемдерін жыл­дан-жылға ұлғайтуда.

Қытайда азық-түлікке тұрақты сұра­ныс болатындықтан, біздің мақсат – Қытай нарығына шығу болуы тиіс. Тұ­рақ­ты сұраныс болса, өндіріс көлемі ұлғая­ды. Жаңа кәсіпорындардың пайда болуы – жаңа жұмыс орындарын ашуға және жұмыссыздық мәселесін шешуге мүм­кіншілік береді. Әрине, Қытай нары­ғына шығу үшін біршама тер төгіп, кәсіп­орын­ның және онда өндірілетін өнімнің сапасын куәландыру қажет. Бұл үшін соңғы жылдары еліміздің Ауыл шаруашылығы және Сыртқы істер ми­нистр­ліктері біздің кәсіпорындарға тиісті көмек көрсетіп, Қазақстан және Қытай үкіметтері арасында екіжақты 18 хаттамаға қол қоюға бастамашы болды. Нәтижесінде, қазіргі таңда бидай, сиыр еті, шошқа еті, соя, бал, балық, рапс, жоңышқа, жүгері, ұн және ұн өнім­дерін шығаратын 600-ге жуық отандық кәсіпорынға Қытай нарығына өз өнімін шығаруға рұқсат алынған.

Тағы бір маңызды бағыт – көліктік-тран­зит­тік саладағы өзара тиімді ын­ты­мақ­тастық. Қытай үлкен нарық бол­ған­дық­тан, оның шет мемлекеттермен та­уар айнал­ымының көлемі жылдан-жыл­ға арту­да. Осы тауар айналымының ба­сым бөлігі теңіз жолдары арқылы та­сы­мал­данса, бір бөлігі темір жол көлі­гі ар­қы­лы жеткізіледі. Осы ретте Қазақ­стан­­ның географиялық орналасуын ұтым­­ды пай­далануды жалғастыру өте ма­ңыз­ды. Өйткені бұл артықшылықты біз пай­да­ланбасақ, көршілес мемлекеттердің қазіргі инфрақұрылымдарды дамыту және жаңа темір жолдарды салу арқылы жүк тасымалдарын өз аумақтарына тартуға талпынулары – заңды құбылыс.

Кезінде «Нұрлы жол» жаңа экономи­ка­­лық саясаты аясында салынған және жаңартылған темір жол дәліздері арқылы өтетін транзит мемлекет бюджетіне қо­мақ­ты табыс табуға көмектесуде. Мы­сал­ы, 2020 жылдың қорытындысы бо­йын­ша Қазақстан – Қытай шекарасында ор­наласқан «Достық – Алашанкоу» және «Алтынкөл – Қорғас» темір жол бекеттері арқылы барлығы 20 миллион тоннадан астам жүк тасымалданды.

«Қазақстан темір жолы» компания­сының ақпараты бойынша 2020 жылдың 11 айы ішінде Қазақстан аумағы арқылы 718,6 мың жиырма футтық эквиваленттегі (ЖФЭ) (2019 жылмен салыстырғанда 35% өскен), соның ішінде «Қытай – Еуропа – Қытай» бағыты бойынша 455,626 мың ЖФЭ (+167%) контейнерлер тасымалданды. Қазіргі таңда осы жүк­терді тасы­малдау үшін көршілес мемлекет­тер арасын­да үлкен бәсекелестік бай­қалады. Тіп­ті кейбіреулері бағаны түсі­ріп, демпинг жасау арқылы тасы­мал көлемін өз ау­мақ­тары арқылы өт­кізу шараларын қабыл­дап жатқанын көріп отырмыз. Соған қарамастан, біз­дің инфрақұрылым­ның тиімділігі мен ың­ғай­лылығы ар­қа­­сын­да қа­зіргі таң­дағы «Қытай – Еуро­па – Қытай» бағыты бойынша темір жол­­мен тасы­малданатын контейнерлердің 49%-ы  Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Ал  тран­­зитпен өткен әр пойыздан мемле­кет бюд­жетіне салық түсіп отыратынын, ол са­лықтың кейін халықтың әлеумет­тік қа­жеттіліктеріне бөлінетін төлемдер­ге пайда­ланылатынына назар аудару қажет.

Сонымен қатар Қытай біз үшін Тынық мұхит аумағының басқа мем­ле­кеттеріне шығатын көпір екенін ұмыт­пау қажет. Цзянсу өлкесінде орна­­лас­қан Ляньюньган теңіз портындағы «Ляньюньган қаласының Қазақстан – Қытай халықаралық логистикалық компаниясы» атты бірлескен кәсіпорны 2020 жылы 200 мыңнан астам ЖФЭ контейнер өңдегеніне назар аударамыз. Соның ішінде біздің өнімдерді Оңтүстік Корея және Вьетнам сияқты мемлекеттерге тасымалдау үшін пайдаланылды.

Соңғы кезде Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын түрлі сарапшылар сынап жүргенін көріп отырмыз. Біраз адамдар бұл бастаманың астарында Қытайдың Қазақстанға үстемдік көрсету, оны қарызға батыру мақсаты бар деген тұжырымдар айтып жүр. Қоғамымыздағы кейбір топтарда Қазақстанда бірлескен кәсіпорындарды құру арқылы «біздің жерді иемдену пиғылы бар», ал инвестиция құюдың басты мақсаты – «біздің пайдалы қазбалар кендерін өз меншігіне алу» деген пікір бар. Тіпті іске асырылуы жос­парланған бірлескен инвестициялық нысандарда ескі құрал-жабдықтар мен көне технологиялар пайдаланылады дейді.

Бұндай пікірлердегі топтар тек бізде ғана емес, шет мемлекеттерде де бар екені рас. Қарқынды дамып жатқан Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасы сыни көзбен қабылданатыны, оның көлемінің бір аймақ емес, түрлі құрлыққа тарағаны көптеген ірі мемлекетті алаңдататыны сөзсіз. Менің ойымша, коронавирус пандемиясына дейін Бейжіңде тұрақты түрде өткізілген «Бір белдеу, бір жол» форумына 100-ден аса мемлекеттің өкілдері қатысқаны – бұл бастаманың оларға пайдалы екенінің дәлелі.

Осы бастама түрлі мемлекеттерге жаңа мүмкіншілік ашты. Бірлескен жо­ба­лар­ды іске асыру арқылы жаңа инф­­ра­құрылымдық нысандар мен өнер­кәсіптік кәсіпорындарды салу, озық технология­ларды тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу сияқты мәселелерді шешу мүмкіншілігі пайда болды. Бұл ретте ерекше назар аударуды қажет ететін мәселе – жобаларды қаржыландыру. Әр жобаның өз қаржыландыру жолдары бар. Жобалардың жалпы сомасы – біздің мемлекеттің алатын қарызы емес, оларды іске асыратын кәсіпорындардың бірлесіп қаржыландыратын қаражатының сомасы. Қазіргі кезде Қазақстан мен Қытай арасында бірлесіп іске асыруды жоспар­лаған жобалардың басым көпшілігі жеке кәсіпк­ерлерге тиесілі және оларды қар­жы­ландыруға тартылған қаражат сол кәсіпорындардың жеке қарыздары болады. Ол қарыздар тек Қытайдың ғана емес, сондай-ақ Қазақстанның даму институттарынан да алынады.

Ұлттық экономиканың өсуінде сырт­қы инвестицияларды және озық техно­логияларды тарту маңызды рөл атқара­тынын мойындау қажет. Бұл – нарықтық экономиканың заңы. Осы бағытта Қазақ­стан Үкіметі шетелдік мемлекеттерден, оның ішінде Қытайдан да инвес­ти­ция­ларды тарту бойынша дәйекті жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда Қытай Ни­дерланды, АҚШ және Ұлыбританиядан кейін Қазақстанға тартылған тікелей шетел­дік инвестициялар бойынша төртін­ші орынды иемденеді.

Бүгінде Қытай инвестициялары Еуро­па, Азия, Африка және Латын Амери­ка­сын қоса алғанда, әлем мемлекет­тері­нің саламатты экономикалық дамуын қам­тамасыз етудің жалпыәлемдік үр­дісі мен нышанына айналды. Көпте­ген мемле­кеттің үкіметтері мен биз­нес ор­талары Бейжіңмен қаржылық ын­ты­­мақтастықтың кеңеюін құптай­ды. Өз кезе­гінде, қытайлық компания­лар ин­вес­­тициялардың сақталуы мен өзара тиім­ділігіне кепілдік беретін серік­тес­тер­ді таңдауға мұқият және таң­дау­лы түрде қарайды. Қазақстан – осын­дай мемле­кеттердің бірі. Бұған «Астана» халықаралық қаржы ор­талығы­ның ашылғаны да оң әсерін тигізіп, инвестор­лардың сенімін артты­руға жол ашты.

Қытаймен бірлесіп іске асырылған жобалар өңірлердің экономикалық мүмкіндігін өзгерткені көрініп тұр. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында рапсты қайта өңдеу және рапс майын өндіру бойынша инновациялық кәсіпорын құрылды. Осылайша, өңірде қытайлық серіктестермен кооперация есебінен астықтан басқа тағы бір ауыл шаруашылығы дақылын өсіру басталды.

Түркістан облысында Қытаймен жоба есебінен бие және түйе сүтін өңдеу жүргізілуде. Тамақ өнеркәсібінің жаңа тех­нологияларын қолдану арқасында, қазақ­стандықтар мақтан тұтатын сүт өнім­дері шетелдік тұтынушыларға қол­жетімді болды.

Қытайдан тартылған инвестициялар есебінен Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту аяқталды. Бүгінде бұл – еліміздің нарығында және шетелде сұранысқа ие мұнай-газ химиясы өнімдерінің кең ауқымын өндіретін заманауи техноло­гиялық кешенге айналды.

Осындай жобаларды іске асыру барысында пайда болатын мәселелер Үкімет басшыларының тұрақты кездесулері, Қазақстан – Қытай ынтымақтастық жө­ніндегі комитеті мен Қазақстан – Қытай іскерлік кеңесі тетіктерінің шеңберінде талқыланып, қисынды шешімдерін тауып жүргенін атап өткім келеді.

Азаматтардың жағдайлары бойынша әрекеттесу

Бұл саладағы мәселелердің ішінде, әрине, ең өзектісі және халықтың кө­кейіндегі басты мәселе – Қытайда тұра­тын қандастарымыздың жағдайы. Әсіре­се соңғы жылдары Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданындағы ахуалға қатысты түрлі ақпараттың таралуына байланысты.

Ресми деректерге сүйенетін болсақ, ҚХР аумағында 1,6 млн қазақ тұрады. Олардың барлығы – Қытай Халық Рес­публикасының азаматтары. Арасында түрлі заң бұзушылық үшін сот шешімімен түрлі мерзімдерге бас бостандығынан айы­рылған кісілер де бар. Біріккен Ұлт­тар Ұйымының Жарғысы бойынша ешбір мемлекеттің басқа мемлекеттің ішкі істеріне қол сұғуға құқығы жоқ. Сон­­дықтан да біз ҚХР азаматтары – қан­дас­­тары­­мызға қатысты олардың Қазақ­стан аза­мат­тары болып табылатын туы­стары­­нан өтініш түскен кезде қытай тара­­­пы­на бөлініп қалған отбасылардың бірігуі­не қолғабыс көрсету туралы сауал жібереміз.

Шетелдегі қандастарға көмектесуді талап еткенде кейбір азаматтар Қазақ­станда тұрып жатқан жүзден аса басқа ұлт өкілдерінің бар екенін естен шығарып алады. Олардың көпшілігінің өз тарихи отаны бар. Ертең басқа ұлт өкілі болып табылатын Қазақстан азаматына қатысты басқа мемлекет тарапынан оның құқықтарын қорғау жөнінде талап түсіп отырса, біздің реакциямыз қандай болмақ? Әрине, біз оның Қазақстан азаматы болғандықтан, шет мемлекеттен біздің мемлекеттің ішкі істеріне аралас­пауын талап етеміз.

Қытайдағы қандастарымыздың арасында Қазақстанға қоныс аудару мүмкін­дігін қарастыратындары да, қарастыр­майтындары да бар. Кіндік қаны тамған, ата-бабалары ғасырлар бойы тұрған мекеннен басқа жаққа неге көшу керек деген сұрақ та қояды. Біздің мемлекет қандастардың барлығын  Қазақстанға жаппай көшіруді мақсат етіп қойып отырған жоқ. Көшуді қалайтын, заңды тұрғыдан рұқсаттары бар кісілерге Қазақстанның шетелдегі мекемелері тарапынан тиісті қолғабыс көрсетіледі. Мысалы, 2018-2020 жылдары Қытайдағы консулдық мекемелерде 60 мыңға жуық қандасымызға виза ресімделді. Кейбір қандастар біздің елге келген соң Қазақстан азаматтығын қабылдаған. Бірақ арасында бір бөлігі ҚХР азаматтығынан шығу рәсімдерін орын­дамағандықтан, Қытайға кері қайт­қан кезде түрлі қиыншылыққа тап болған.

Дегенмен екі мемлекет сыртқы істер министрліктері арасында қол жеткізілген уағ­да­ластықтарға сәйкес Қытайдың Қазақ­стандағы елшілігінің бейресми ақпа­раты бойынша 2018-2019 жылдары 7 мың қандасымыз Қазақстанда жүріп, Қытай­дың Нұр-Сұлтандағы елшілігі және Ал­матыдағы Бас консулдығы ар­қылы ҚХР азаматтығынан шығу рәсім­­дерін бітіруге мүмкіншілік алды. Өкініш­ке қарай, бұл жұмыс пандемияға байла­нысты уақытша тоқтап қалды, бірақ жағ­дай түзелген соң бұл бағыттағы жұ­­мыс жалғастырылатын болады. Сон­дық­тан да Қазақстанға көшуді қалайтын қан­дас­­тарға айтылатын өтініш – Қытай­дан кетпей тұрып, ресми түрде ҚХР аза­мат­­ты­ғынан шығу қажет. Сол кезде азамат­тыққа кіру, зейнетақы алу және шекара­дан өтуге қатысты мәселелер туындамайды.

* * *

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Қазақстан мен Қытай көрші мемлекеттер болғандықтан, жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту, түрлі сала­дағы ынтымақтастықтың бағыт­тарын кеңейту, сезімтал мәселелер бо­йын­ша диалогті жалғастыру және туын­дай­тын мәселелерді бірлесіп шешу – екі­жақты қатынастарымыздың болашақ басым­дықтары болып қала беруі тиіс.

Қазақта «Құдай қосқан көрші» деген түсінік бар, Қытай іргемізде тұрған әрі жылдам дамып келе жатқан көрші бол­ғандықтан, біз онымен өзара тиімді әре­кеттесудің ұтымды жақтарын өз мем­лекетіміздің қарқынды өркендеуіне пайдалануымыз қажет.


Шахрат НҰРЫШЕВ,

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары

Өзгелердің жаңалығы