Ташкентте қазақстандық балалардың улануы: СІМ жаңа мәлімет берді

Зардап шеккен азаматтар Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігінің толық қолдауымен қажетті ем қабылдады

 видеодан алынған кадр 9 Қараша 2026, 12:47
9 Қараша 2026, 12:47
141
Фото: видеодан алынған кадр

Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіруге арналған дипломатиялық корпус өкілдерімен брифингтің кулуарында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, зардап шеккен қазақстандықтарға Өзбекстан тарапы жан-жақты көмек көрсеткен. Қазір оқиғаға байланысты жергілікті құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр.

Зардап шеккен азаматтар Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігінің толық қолдауымен қажетті ем қабылдады. Осы жағдайға байланысты барынша көмек көрсеткен өзбек әріптестерімізге алғыс білдіреміз, – деді Жанболат Үсенов.

Брифинг барысында журналистер Қазақстан тарапының тергеу жұмыстарына қатысу мүмкіндігі туралы сұрады.

Біз басқа мемлекеттің аумағында жүргізіліп жатқан тергеуге қатыса алмаймыз. Өйткені әр елдің құқық қорғау жүйесі дербес әрі егеменді. Сондықтан әр мемлекет өз аумағындағы оқиғаларды өз бетінше тергейді, – деп түсіндірді СІМ өкілі.

Жанболат Үсенов оқиғаның бастапқыда қоғамда сипатталғандай аса ауыр болмағанын да атап өтті.

Бастапқыда жаппай улану туралы ақпарат тарады. Алайда жағдай сырт көзге көрінгендей соншалықты қорқынышты болған жоқ. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар Қазақстанда да, шетелде де кездеседі. Одан ешкім сақтандырылмаған. Ең бастысы – азаматтарымыздың сауығып, елге аман-есен оралғаны, – дейді ол.

Сондай-ақ министрліктің ресми өкілі турнир ұйымдастырушылары қазақстандықтардың жол жүру шығындарын өтеуге уәде бергенін жеткізді. Ал қалған мәселелер тергеу қорытындысына қарай шешіледі.

Еске салайық, бұған дейін Ташкентте өткен Dostlik Cup 2026 халықаралық футбол фестиваліне қатысқан бірқатар қазақстандық баланың денсаулығы нашарлап, медициналық көмекке жүгінгені хабарланған болатын.

Сондай-ақ, ҚР ДСМ Өзбекстанда уланып қалған қазақстандық балалардың жағдайы тұрақты екенін мәлімдеді. 

Өзбекстан балалар омбудсменінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Санитариялық-эпидемиологиялық комитеттің қызметкерлері бактериологиялық зерттеулер жүргізу үшін Чиланзар ауданындағы қонақүйдің асханасынан тамақ өнімдерінің үлгілері мен шайындыларды алды.

Тағы оқи отырыңыз: Ташкентте Қазақстаннан барған балалардың жаппай улануына байланысты қылмыстық іс қозғалды 

Наверх