Тарихшы: Президенттік институттың енгізілуі - қазақ тарихында болмаған оқиға

24 Сәуір 2020, 20:11
3360
Бөлісу:
Тарихшы: Президенттік институттың енгізілуі - қазақ тарихында болмаған оқиға

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған Қазақстанда президенттік институттың қалыптасқанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған "Президенттік басқару формасы: конституциялық негізі және саяси практика" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция барысында осыдан отыз жыл бұрынғы маңызды кезеңді еске алды.

1990 жылдары Қазақстан өте бір ауыр кезеңді бастан өткеріп жатты. Аласапыран заман еді. Сол кезде біздің ел қате шешім қабылдай ма, жоқ, әлде дұрыс жолға түсе ме деген сұрақ туындады. ҚР Парламентінің шешімімен, осыдан 30 жыл бұрын 24 сәуірде тамаша шешім қабылданды. Ол шешім – Қазақстан Республикасында президенттік билік енгізу болатын. Бұл - қазақ тарихында болмаған оқиға еді. Сол күні парламенттің шешімімен, депутаттардың қолдауымен Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланған еді, - деді ол.

Бүркітбай Аяған президент институтының отыз жылдығы бүгінде сол жолғы шешімнің дұрыстығын көрсетті деген пікірде.

Бұл жылдар ішінде талай маңызды экономикалық реформалар іске асырылды. Олардың қатарында – елдің жаңа астанасының бой көтеруі, ұлттық валютаның енгізілуі, ұлттық қауіпсіздік жүйесі қалыптасып, шекараның шегенделгені бар. Қазақстан ядролық қарудан бас тартқан мемлекетке айналды. Президент институтының отыз жылдығы өзінің тиімділігін көрсете білді. Әрине, оңай болды деп айта алмаймыз. Жоспардағы мәселелердің барлығы іске асырылды деу де қиын. Бірақ, Қазақстан – халықаралық қауымдастықтың беделді мүшесіне айналды, - деді Бүркітбай Ғелманұлы.

Айта кетейік, дәл осы конференция барысында  ҚР Конституциялық кеңесің төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Мәми, ҚР Тұңғыш Президенті қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев және Венеция комиссиясының президенті Джанни Букиккио Қазақстандағы Президент институтына қатысты пікір білдірген болатын.

Өзгелердің жаңалығы