Таразда жыл соңына дейін 50 заманауи автобус беріледі

9 Қыркүйек 2021, 18:20
2318
Бөлісу:
Таразда жыл соңына дейін 50 заманауи автобус беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сәйкес қараша айында Таразға 40 жаңа автобус жеткізілді. 

Ал жыл соңына дейін тағы 50 заманауи автобус берілмек. Бұл туралы аймақ басшысының орынбасары Рүстем Дәулет пен қоғамдық көлік тасымалдаушы мекеме басшылары қатысқан кеңес отырысында айтылды.

Жалпы қалада 34 бағыт бойынша 280-ге жуық автобус халыққа күнделікті қызмет көрсетуде. 1 қыркүйектен бастап жолаушылар ағымының көбеюіне байланысты автобус бағыттарының жұмыс уақыты ұзартылып, қосымша автобустар қосу арқылы олардың жүру аралықтары қысқартылуда.

Бұдан бөлек, жиында қоғамдық көліктердегі электронды билеттендіру жүйесінің жұмысы да сарапқа салынды. Бүгінде 222 000 «TulparCard» көлік картасы шығарылған. Оның 199 850 картасы қолданыста болса, 22 150-і резервте. Сондай-ақ, «TulparCard» және tarazbus қосымшасын интеграциялау жұмыстары да жүргізілді. Енді тұрғындар «TulparCard» қосымшасы арқылы автобустардың қозғалысы мен бағыттарын бақылай алады.

Кеңес отырысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет автопарк иелеріне халықтың арқасында тірлігін тіктеп отырғандықтан ең алдымен халықтың жағдайын жасау керектігін айтты.

Бүгінде қалада қатынап жүрген қоғамдық көліктерге қойылатын басты талап – тазалық, мәдениет, санитарлық талаптарды сақтау екендігін айтқан қала әкімі автобустардың жүру уақытын 20:00-ге дейін ұзарту мәселелсін тез арада шешуді ескертті.



Өзгелердің жаңалығы