Таразда оқушылар сарайы ашылды

28 Мамыр 2022, 00:15
3480
Бөлісу:
Таразда оқушылар сарайы ашылды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы жариялаған Балалар жылына арналған іс-шаралар жоспары аясында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Таразда «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының ашылу салтанаты өтті. 

Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Салтанатты шараға Ресей Федерациясы мен еліміздің барлық өңірінен келген педагогтер қатысты.

Таразда оқушылар сарайы ашылды

Жаңа нысанның ашылу рәсіміне жиналғандар алдымен жаңа ғимаратты аралап, танысты. Фойеде оқушылардың ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстары қойылған көрме ұйымдастырылды.

Қонақтар робототехника, 3D-модельдеу, авиамодельдеу, кеме модельдеу, қазақ және қазіргі заманғы сәндік-қолданбалы өнер, ландшафтық дизайн кабинеттері мен сәулет және дизайн мектебін, коворкинг-орталықты, обсерваторияны және планетарийді аралап көрді. Жаңа оқушылар сарайында барлығы 81 үйірме жұмыс істейтін болады.

Таразда оқушылар сарайы ашылды

Оқушылар сарайының ашылуына орай мектептен тыс ұйымдардың бейіні бойынша педагогтар мен мамандарға арналған «Қосымша білім берудегі инновациялар: идеядан бастап іске асыруға дейін» тақырыбында республикалық құрылымдық диалогы өтті.

Таразда оқушылар сарайы ашылды

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов өз сөзінде облыста көркемөнер, музыкалық, ғылыми-техникалық, әскери-патриоттық бағыттағы қосымша білім беретін 75-тен астам мектептен тыс ұйым ашылғанын атап өтті. Мұндай нысандар жыл санап артып келе жатыр.

Мемлекет басшысы 2022 жылды балалар жылы деп жариялады. Өскелең ұрпақтың балалық шағының қамсыз, бақытты өтуін қамтамасыз ету – біздің ортақ міндетіміз. Бүгінгі таңда Жамбыл облысының балабақшаларында 57 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. 244 мың бала мектептерде, 23 мың студент колледждерде білім алуда. Білім беру сапасын арттыру мәселелерімен қатар, балалардың бос уақытын ұйымдастыру мәселелері де назардан тыс қалған емес. Жаңа оқушылар сарайында жас ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Ел Президенті атап өткендей, балалардың әл-ауқаты – мемлекетіміздің табысты болашағының сенімді кепілі, - деген аймақ басшысы педагогтерге мен балаларға шығармашылық табыс тіледі.

Таразда оқушылар сарайы ашылды

Білім және ғылым министрінің кеңесшісі, балаларға қосымша білім берудің республикалық оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер балалардың толыққанды дамуы үшін қолайлы жағдай жасаудың қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

Жаңа оқушылар сарайы балалар үшін де, педагогтар үшін де инновациялық алаңға айналатынына сенімдімін. Қазіргі уақытта елімізде барлығы 1523 мектептен тыс ұйым жұмыс істейді. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Оқушылардың кәсіби даярлыққа дейінгі тыңғылықты дайындығын ұйымдастыру үшін күш-жігерімізді біріктіру – аса маңызды. Жастар болашақ мамандығын сенімді түрде таңдап, креативті, белсенді азаматтық ұстаным иесі болуы тиіс. Білімді жастар – елдің зияткерлік әлеуеті екенін ұмытпауымыз керек, - деді ол.

Сондай-ақ белгілі қазақстандық скрипкашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмиля Серкебаева, Ресейдің Челябы қаласынан келген «Кванториум» технопаркінің басшысы Иван Шмидт, «R4 Technology & Research Center» білім беру және зерттеулер орталығының директоры Айдын Тұсубжанов, «Lakeview school Almaty» директоры Гүлнар Қарамендинова, Тараз сервис және технология колледжінің түлегі Бағлан Жақсыбеков және Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің 3 курс студенті Азамат Нәмелбек сөз сөйлеп, педагогтар мен оқушыларға жылы лебізін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы