Таразда кәсіпкерлер 800 млн теңгенің меморандумына қол қойды

4 Маусым 2019, 10:07
2105
Бөлісу:
Таразда кәсіпкерлер 800 млн теңгенің меморандумына қол қойды

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында қарқынды жұмыстар атқарылуда. «Атамекен», «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламалары мен «100 жаңа кітап», «Туған жер», «Қазақстан киелі жерлерінің географиясы», «100 жаңа есім» арнайы жобалары бойынша ауқымды бастамалар қолға алынған.

Қала әкімі Қайрат Досевтың айтуынша, жалпы 25 жобаны іске асыру үшін 2 млрд 472 млн 750 мың теңге қаржы қажет. Былтыр жергілікті әкімдіктің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі 9 жобаға 321 млн 600 мың теңге бөлген. Ал Жамбыл облыстық жобалық офиске «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша 2 жоба ұсынылды. Құны 374 млн теңгені құрайтын олар демеушілердің көмегімен жүзеге асырылған.

«Атап айтқанда, жеке кәсіпкер А.Жұмабаев темір жол бекеті маңындағы скверді абаттандыруға 150 млн теңгеге көмек көрсетсе, «Арай» ЖШС-нің директоры А.Еділбаев «Атшабар» скверінің құрылысына 224 млн теңге жұмсады. Сонымен қатар «Бір сәби – бір ағаш» жобасы бойынша былтыр жаңа туған сәбилердің ата-аналары 500 түп ағаш отырғызды. Биыл қалада тағы 6 200 түп шыбық тігіліп, көне шаһар жасыл желекке малына түсті», - дейді Қайрат Әскербекұлы.

Бағдарламаның «Туған жер» жобасының ерекшелігі – оны жүзеге асыруға өңірлерді де белсенді тартуда болып тұр. Облыстар шағын қалалар, аудан, қала берді әрбір елді мекенді көркейтуге ұмтылуда. Бұл ретте кәсіпкерлердің, меценаттардың азаматтық белсенділігі көп көмегін тигізіп отырғанын айтады әкім.

«Былтыр осы «Туған жер» жобасы аясында Қазақстан Республикасының спорт шебері, әйелдер арасында кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Фируза Шарипова өз бастамасымен екі мүмкіндігі шектеулі кәмелетке толмаған жасөспірімді тәрбиелеп отырған Жолдыбаевтар отбасына автокөлік табыс етті. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту мақсатында «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Дөненбаевтың демеушілігімен шаһарда «Ғибрат» орталығы ашылды», - дейді ол.

2017 жылы «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров өз қаражатына «Мыңбұлақ» шағын ауданында әмбебап заманауи спорттық алаңшасын салып берген болатын. Соның арқасында 25 бала бір мезгіл волейбол, баскетбол, шағын футбол ойнауға мүмкіндік алды. Мұндай игі бастамаларға үн қосып жүретін меценаттар қатарында қалалық мәслихаттың депутаты Руслан Кан да бар. Ол «Самал» шағын ауданында 25 және 30 үйлердің ауласына бейнекамералар орнатып берген. Ал Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов 12 талапкерге, оның ішінде Тараз футбол клубының қосалқы құрамының 9 футболшысына, 3 мүмкіндігі шектеулі азаматқа тегін оқу грантын тағайындаған.

Қайрат Досаевтың сөзіне қарағанда, былтыр қаладағы «Достық» үйінде Жамбыл және Түркістан облыстары кәсіпкерлерінің қатысуымен «Тараздың түрленуі» атты іскерлік-әріптестік форум өткен. Ауқымды жоба аясында мәдени-іскерлік орталық пен «Шахристан» Көне Тараз, Тектұрмас кешендерінің таныстырылымы өтіп, коммерциялық нысандардың құрылысын жүргізуге ниет білдірген кәсіпкерлер 800 млн теңгенің меморандумына қол қойған.


Өзгелердің жаңалығы