Таразда 45 пәтерлі екі жатақхана пайдалануға берілді

25 Желтоқсан 2019, 01:30
2959
Бөлісу:
Таразда 45 пәтерлі екі жатақхана пайдалануға берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жатақханаға ие болғандардың дені көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, деп хабарлады Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз қызметіне ресми кірісу рәсімінде тұрғын үй мәселесін шешу бойынша түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударылатындығын баса айтқан еді. Осыған орай жыл басында облыс әкімі Асқар Мырзахметов көпбалалы аналармен кездесіп, биыл жамбылдықтарға 8 жатақхана берілетіндігін мәлім еткен болатын. Өз уәдесінде тұрған өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, күні кеше "Қарасу" шағын ауданында 45 пәтерлі 2 жатақхана ел игілігіне берілді. Осылайша талай жылдан бері кезекте тұрған жандар пәтерлі болды. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына арналған 90 пәтер облыстың 80 жылдық мерейтойына орай 80 нысанның аясында беріліп отыр.

Асқар Исабекұлы тұрғындарға кілт тапсыру салтанатында пайдалануға берілген әрбір жатақхананың кәдімгі екі бөлмелі пәтер ретінде бой көтергенін тілге тиек етіп, әрқайсысының ауданы 35-40 шаршы метрді құрайтынын жеткізді. Сондай-ақ, оларды жалдау құны 3500 теңгеден аспайды. Мұқтаж отбасылар бұл жатақханаларды пәтер кезегі келгенше паналай алады, - делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы президентіміздің тапсырмасына сәйкес, Тараз қаласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Шаһар бойынша биыл жыл соңына дейін әрқайсысы 80 пәтерлі 4 әлеуметтік тұрғын үй беріледі.

Көп балалы отбасыларға арналған "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша 323, сонымен қатар қайталама нарықтан 144 пәтер сатып алынды.

Қазіргі таңда "Қарасу" және "Арай" мөлтек ауданында көпбалалы отбасыларға арналған 6 көпқабатты әлеуметтік жатақхананың құрылысы жүргізілуде.

Бүгінгі пайдалануға беріліп отырған 45 пәтерлі жатақхананың әр пәтерінде зал мен жатын бөлмелері, сонымен қатар өз ас үйі, әжетханасы мен жуынатын бөлмесі бар.

Өзгелердің жаңалығы