Таразда 1-15 тамыз аралығында ыстық су тоқтайды

22 Шілде 2021, 19:34
2129
Бөлісу:
Таразда 1-15 тамыз аралығында ыстық су тоқтайды

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында алдағы жылыту маусымына әзірлік шаралары 15 қазанға дейін аяқталады.

Бұл туралы жергілікті әкімдіктің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушыу Руслан Мұздыбеков айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, қазандықтардың, жылу, электр, су, газ желілерінің, денсаулық сақтау, әлеуметтік, мәдениет нысандары мен тұрғын үйлердің дайындығын 1 тамызға дейін 60%-ға жеткізу көзделген. 15 қыркүйекке дейін 90%-ға әзір болады, 10 қазанда 100% қамтамасыз етілуі тиіс.

Ал білім беру нысандарының толық дайындығы 1 қыркүйекке дейін қамтылуы керек. Жамбыл облысы бойынша 9 жылу энергетика кәсіпорындары бар. Олардың дайындық іс-шараларына жалпы 645,214 млн теңге бөлінді, оның ішінде инвестициялық бағдарлама аясында 222,4 млн теңге қарастырылған. Қазір бекітілген іс-шаралар кестесіне сәйкес жылу қазандықтары мен желілерде дайындық жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар өңірдегі 444 автономды қазандық, 340 шақырым жылу желісі, 103 шақырым ауызсу желісі, 9 369 шақырым электр желісі, 2 053 шақырым газ желісі және 782 білім, 387 денсаулық сақтау, 466 мәдениет саласы нысаны мен 1 622 көпқабатты тұрғын үйдің жылыту маусымына дайындығы қамтамасыз етілуде, - деп атап өтті жауапты маман.
Руслан Орынбекұлы жылыту маусымы кезеңінде отын-энергетика кешендері тұтынатын 23 872 тонна әлеуметтік мазуттың көлемі жасақталғанын мәлімдеді.

Оның ішінде осы жылыту маусымында шу шыққан «Жаңатас Су-Жылу» МКК-на 12 870 тонна жіберілсе, «Т.И. Батуров атындағы ЖГРЭС» АҚ-на – 10 000 тонна, «Жамбыл-Жылу» МКК-на 1 002 тонна жөнелтілген. Жамбыл облысының тұрғындары үшін 2021-2022 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге 188 мың тонна көмір жеткізу жоспарланып отыр.
Бүгінде көмір қоймаларында 9,2 мың тонна көмір бар, шілде-тамыз айларында 15,5 мың тонна көмір жеткізу күтілуде. Бюджеттік ұйымдардың қажеттілігіне орай автономды қазандықтарға 64,5 мың тонна қатты отын қорымен қамту жоспарланған. Мұның ішінде білім нысандарына – 56,7 мың тонна, денсаулық сақтау мекемелеріне – 5,7 мың тонн, мәдениет нысандарына 2,1 мың тонна көмір бөлінеді, - деді басқарма басшысының міндетін атқарушы. 
Бүгін барлық әлеуметтік нысан бойынша көмір сатып алуға мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізіліп, жеткізушілермен келісімшарттар жасалған екен.

Ол биылғы жылыту маусымы аяқтала салысымен, Тараз қаласында ыстық су үздіксіз, тұрақты түрде беріліп келе жатқанын еске салды. Жалпы облыс орталығында барлығы 919 көпқабатты тұрғын үй ыстық сумен қамтамасыз етілген. Оның 809-ына «Таразэнергоорталық» АҚ қызмет көрсететін болса, 91 үйге «Жамбыл-Жылу» МКК, 19 үйге «Таразтрансэнерго» МКК қызмет көрсетеді.

Жылу беруші кәсіпорындардың іс-шаралар жоспарына сәйкес, алдағы жылыту маусымына желілер мен қазандықтарды дайындау мақсатында 1 тамыздан бастап 15 тәулікке, яғни 15 тамызға дейін ыстық судың берілуі уақытша тоқтатылады. Осы уақыт аралығында кәсіпорындар қазандықтардың негізгі және қосалқы жабдықтарын түгендеп, жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Жылу желілерінде гидравикалық сынақтан өткізіп, құбырлардың жылу қуатын тасымалдау деңгейін тексеру жұмыстары ұйымдастырылады, - деді Мұздыбеков.
Бұл жұмыстар желілердің жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз ету, анықталған ақауларды қалпына келтіруге бағытталған іс-шаралар қатарына жатады екен. Жоспарланған іс-шараларды орындау жылыту маусымы кезеңінде тұтынушыларды үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Іс-шаралар аяқталғаннан кейін ыстық су беру жылыту маусымына көшумен қатар жалғастырылатын болады.

Өзгелердің жаңалығы