Тарақандар жүретін вагондар проблемасы: Үкімет депутатқа жауап берді

10 Қазан 2023, 15:00
1376
Бөлісу:
Тарақандар жүретін вагондар проблемасы: Үкімет депутатқа жауап берді
Фото: - архив

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаты Ернұр Бейсенбаев пойыздардың сапасына қатысты жолдаған сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін депутат Елнұр Бейсенбаев Мәжілісте өткен жалпы отырыста еліміздегі темір жол саласын сынап, пойыз вагондарының сапасы сын көтермейтінін айтқан болатын.

Бүгінгі таңда елімізде 2 567 жолаушылар вагоны бар. Жолаушылар вагондарын жаңарту мақсатында 2010 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 1 238 вагон сатып алынды. Сонымен қатар 2022 жылдың желтоқсанында 2025-2030 жылдар аралығында 537 Stadler жолаушылар вагонын сатып алуға келісімшарт жасалды.

Сондай-ақ биыл «ЗИКСТО» АҚ-мен 150 жолаушы вагонын сатып алуға шарт жасалды. Биылдың соңына дейін 50, 2024 жылы қалған 100 вагон жеткізіледі.

2024 жылы қосымша 157 вагон сатып алу жоспарланып отыр. Барлық іс-шараны ескере отырып, 2030 жылы парктің орташа жасы 18-ден 13 жасқа дейін төмендейді. Жолаушылар вагондарының ауаны баптау жүйесімен қамтамасыз етілуі 100% құрайтын болады, - делінген Әлихан Смайыловтың ресми жауабында.

Премьер-министрдің айтуынша, 2022-2023 жылдар кезеңінде жолаушылар вагондарының жалпы паркінен 325 бірлік есептен шығарылды, көрсетілген кезеңде 129 жолаушылар вагоны сатып алынды. Бұл фактілер жол жүру билеттерінің тапшылығына әкеледі, әсіресе сұраныстың артуы кезінде.

Халықты қанағаттандыру үшін ҚТЖ тасымалдарында «күту парағы» қызметі іске асырылды. Еркін сатылымда орын болмаған жағдайда пайдаланушы кезекке 7 күннен ерте емес және пойыз жөнелтілгенге дейін 4 сағаттан кешіктірмей тұра алады. Бос орындар пайда болған кезде клиент жеке кабинетте орындарды сатып алу қажеттілігі туралы, сондай-ақ SMS хабарлама арқылы ақпарат алады, - деді Смайылов.

Үкімет басшысы атап өткендей, соңғы 5 жылда әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жүретін жолаушылар пойыздарына билеттердің құны инфляция пайызына ғана өсті.

Бүгінгі таңда 62 әлеуметтік маңызы бар жолаушылар қатынасы субсидияланады, тасымалдауды 12 компания жүзеге асырады. Биыл әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушылар тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушыларды субсидиялауға 43,8 млрд теңге бөлінді. 2024 жылға 52,2 млрд теңге мақұлданды. Магистральдық теміржол желісінің қызметтеріне, локомотивтік тарту қызметтеріне, әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушыларды тасымалдау кезінде тартылған вагондарды ұстауға және вокзал шаруашылығының қызметтеріне жұмсалатын шығыстар субсидиялауға жатады. Сондай-ақ субсидиялау бағдарламасының шарттарының бірі - теміржол билеттері бағасының өсуіне жол бермеу, - деді ол.

Сонымен қатар еліміздің аумағында жедел тасымалдау ретінде ұйымдастырылған Тальго вагондарынан құрылған коммерциялық пойыздар 4 бағыт бойынша жүреді.

Қызметтің бұл түрі 2014 жылы ұйымдастырылған, онда мемлекет субсидияламайтын (коммерциялық) жолаушылар тасымалдаушыларының қызметтерінің бағасы сұраныс пен ұсыныстың нарықтық тетігі негізінде еркін қалыптасады.

Әлихан Смайылов билетті ҚТЖ-ның сайтынан сатып алса, комиссия алынбайтынын, ал бөгде агенттік кассалардан сатып алынған жағдайда комиссиялық алымның құны 200 теңгеден басталатынын айтты.

Ол жолаушылар пойыздарының кешігуіне қатысты көтерілген мәселеге де жауап берді.

Жыл басынан бері жүк пойыздарының қозғалысынан шеттетілгендіктен және теміржол инфрақұрылымын жаңғырту және ағымдағы күтіп ұстау бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілгендіктен, жолаушылар пойыздары жүйелі түрде 2-ден 5 сағатқа дейін кешігіп келді. Айта кету керек, биыл темір жолдарды жөндеу жұмыстарының көлемі 1 385 шақырым, бұл алдыңғы жылдардан едәуір жоғары. Қазіргі уақытта пойыздардың кешігуі бойынша жағдай тұрақталды, жолаушылар пойыздарының кешігуі бір сағаттан аз уақытты құрайды, - делінген Үкіметтің жауабында.

Өзгелердің жаңалығы