Тамақтан уланған 387 баланың жағдайы қалай? – министр жауабы

10 Қыркүйек 2024, 14:37
2779
Бөлісу:
Тамақтан уланған 387 баланың жағдайы қалай? – министр жауабы
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкіметтің баспасөз алаңында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Маңғыстау облысында тамақтан уланған 387 баланың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің сөзінше, бүгінде өлім-жітім жоқ. Жағдай тұрақтанып, балалардың денсаулығы жақсарып келеді.

6 қыркүйек күні Маңғыстау облысы аудандарының бірінде мектеп жасындағы балалар жаппай уланды. Бүгінгі таңда жалпы 462 бала медициналық көмекке жүгінді. Оның ішінде 92 бала ауруханаға жатқызылды. 17 бала ауруханадан шықты. Жансақтау бөлімінде жатқан 2 бала денсаулық жағдайының тұрақталуына байланысты жалпы бөлімшеге шығарылды. 387 бала амбулаторлық ем алып жатыр. Оқиға орнында денсаулық сақтау вице-министрі жұмыс істеуде, — деді Әлназарова.

Қазіргі таңда Алматы мен Астананың мамандары Маңғыстау облысына жіберілді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 6 қыркүйекте Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының №8 мектебінде оқушылар жаппай уланып, ауруханаға түскен.

Кейіннен астан уланған балалар саны 140-тан асқаны белгілі болды.

Сондай-ақ Үкімет Маңғыстау облысындағы балалардың улану жағдайын өз бақылауына алды.

Бұдан бөлек астан улану оқиғасына байланысты тергеу тобы құрылды.

Ал балалар уланған мектеп асханасы жабылды.

Өзгелердің жаңалығы