Тәліптер АҚШ-тан өз активтерін бұғаттан шығаруды сұрады

21 Қазан 2021, 11:44
3656
Бөлісу:
Тәліптер АҚШ-тан өз активтерін бұғаттан шығаруды сұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәскеуде Ауғанстандағы ахуал жөнінде кездесу өтті. Оған тәліптермен қатар бірқатар елдің өкілдері қатысты, деп жазды «Хабар 24». 

Олардың арасында қазақстандық мамандар да бар. Жиылғандар «Талибан» қозғалысын инклюзивті үкімет ретінде құру үшін қосымша шаралар қабылдап, Ауғанстан аумағын көрші мемлекеттерге қарсы әрекет ету алаңы ретінде қолданбауға шақырды. 

Сондай-ақ тараптар елдегі әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық жағдайға қатысты алаңдаушылық білдірді. Ал тәліптер жағы АҚШ билігін өз активтерін бұғаттаудан шығаруды сұрады. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, қазір америкалық банктердегі есепшотта Ауғанстан орталық банкінің 9 млрд доллары сақтаулы. АҚШ тарапы бұл активтерді тамыздың аяғында бұғаттап тастаған. 


АҚШ Ауғанстанға қатысты қаржылай шектеулерді алып тастауы тиіс. Өйткені бұл – жергілікті халықтың ақшасы. Жұмыс істейтін тұрғындар ол қаржыдан жалақы алады. Сондықтан америкалықтардың біздің активтерімізді ары қарай бұғаттауға еш құқығы жоқ, - деді Ауғанстанның ақпарат және мәдениет министрінің міндетін атқарушы Хайрулла Хаирхва.

Ауғанстанда тұрақты әрі бейбіт мемлекет құру мәселесі әлі де өзекті болып отыр.
Қазір билік басына жаңа әкімшілік келді. Бұл «Талибан» қозғалысына үлкен жауапкершілік артады. Олардың әскери-саяси ахуалды тұрақтандырып, мемлекеттік аппарат қызметін ретке келтіру бойынша тырысып жатқанын айта кету керек. Алайда Ауғанстанда тұрақты әрі бейбіт мемлекет құру мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Оған қол жеткізудің бірден бір жолы – инклюзиті үкімет құру, - деді Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

Өзгелердің жаңалығы