Табиғи газды пайдалану жылу ақысын айтарлықтай азайтады

21 Желтоқсан 2023, 18:23
556
Бөлісу:
Табиғи газды пайдалану жылу ақысын айтарлықтай азайтады
Фото: Ақорда

Елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуында негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биыл күзде «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясының, «Тұран» газ жылу станциясының бірінші кезеңінің және үшінші ЖЭО-ның бірінші кезеңінің құрылысы аяқталды.

Астанада қаланы газдандыру аясында құрылысы аяқталып, қаланың «газ шеңберін» кезең-кезеңімен іске қосу басталды. Бұл жоба қала тұтынушыларын сенімді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, жоба «Тұран», «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станцияларына, Үркер (Ильинка), Пригородный, Өндіріс, Кирпичный елді мекендеріне жоғары қысымды желілерді қосуды қамтамасыз етті.

Табиғи газды пайдалану тұрғындардың жылу ақысын айтарлықтай азайтады, сондай-ақ сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз етуде туындаған проблемаларды шешеді.

Әрине қуанышымызда шек жоқ. Бізге осындай жағдай жасап беріп отырған үкіметке ризашылығымызды білдіреміз, - дейді қала тұрғыны Мәдина Сұлтанбек.

Елорданың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін бұл нысандардың қуаты – сағатына 1140 гигакалория; қала ұзақ уақыттан бері алғаш рет биылғы жылыту маусымында жылу энергиясына деген сұранысты артығымен қамтамасыз ететін болды.

Келесі жылы «Тельман» газ жылу станциясының бірінші және «Тұран» газ жылу станциясының екінші кезеңі пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл нысандар қаланы қосымша 850 Гкал/сағат жылумен қамтуға септігін тигізеді.

Қала басшысының сөзіне қарағанда, құрылысы ұзаққа созылған ЖЭО-3-ті іске қосу үшін үлкен жұмыс атқарылған.

Аталмыш жылу электр орталығындағы төрт қазандықтың бәрі іске қосылды. Бұл қаланы 440 Гкал/сағатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. ЖЭО-3-тің бірінші кезеңінің құрылысы қазан айында аяқталды. Нысан осы кезден бастап қалаға жылу беруді бастады. ЖЭО-3 сол жағалаудың бір бөлігін және құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жаңа аудандарды жылумен қамтиды, - деді Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар жаңа нысандарда жаңа қуат іске қосылған.

Мәселен, жаңа «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясын алайық. Бұл газ жылу станциясы «Бағыстан», «Мыңжылдық аллеясы» тұрғын үй кешендері аудандарын, қаланың сол жағалауын жылумен сенімді қамтамасыз етеді. Осы жылдың соңына дейін станцияны 350 Гкал/сағ максималды қуаттылыққа дейін жеткізу бойынша іске қосу жұмысы жалғасады, - деді Қасымбек.

Ал желтоқсан айында қуаттылығы 350 Гкал/сағ болатын «Тұран» газ жылу станциясының 1-кезеңі іске қосылмақ. Әкім осы арқылы үш нысанның күші 1140 Гкал/сағ құрайтынын алға тартты.

Еске сала кетсек Президент газ жылу станцияларын кезең-кезеңмен пайдалануға беруді тапсырған болатын.

Ең алдымен, жобалардың сапасы жоғары болуға тиіс. Біз оны қадағалаймыз. Мұндай жобалар қалаға өте қажет. Мен бұл жерге осы мақсатпен келдім. Әр қалада үш негізгі мәселе бар. Олар – жылу, жарық және су. Тұрғындар бұл қажеттіліктермен міндетті түрде қамтамасыз етілуі керек. Оның үстіне, сөз елорда туралы болып отыр. Ешқандай кідіріс болмауға тиіс. Бұл, түптеп келгенде, біздің мемлекетіміздің беделі мен имиджіне қатысты мәселе. Сондықтан аталған мәселені бәріміз жұмылып, міндетті түрде толық шешуіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Өзгелердің жаңалығы