Түймебаев көпбалалы аналармен кездесті

6 Наурыз 2019, 13:06
1847
Бөлісу:
Түймебаев көпбалалы аналармен кездесті

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚХА төрағасының орынбасары - хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев ҚХА этномәдени бірлестіктерінің көпбалалы аналарымен кездесті.

Кездесуге республиканың әр өңірінен келген 25 көпбалалы ана жиналды. Жиын барысында Жансейіт Түймебаев мұндай шараның бүгін еліміздің барлық өңіріндегі «Достық» үйінде өтіп жатқанын айтты.

«Бүгін өздеріңізбен Халықаралық әйелдер күні қарсаңында кездесіп отырмыз. Елбасымыз көпбалалы аналарға қолдау көрсету мәселесіне үлкен көңіл бөлуде. Өткенде «Нұр Отан» партиясының съезінде де осы мәселеге назар аударды және мемлекеттен арнайы көмектер ұйымдастыруды, қолдау көрсетуді тапсырды. Мемлекет тарапынан көрсетілетін Атаулы көмек көрсетудің критерийлері, әрбір балаға берілетін төлем мөлшерлері, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырғандарға берілетін жәрдемақылардың арттырылуы, жалға берілетін пәтерлердің салынуы және басқа да шаралар осы мақсаттарды орындауға бағытталған», - деді Жансейіт Түймебаев.

Сондай-ақ, әлеуметтік мәселелер, ана, отбасылық құндылықтар тақырыбы Ассамблея қызметінің маңызды бағыттарының бірі екендігіне тоқталды.

Кездесуге жиналған көпбалалы аналар өздерінің мемлекет пен қоғамның назарынан тыс қалмай, үнемі кешенді қолдау көріп келе жатқандарын айтты.

Сонымен қатар, олар өздерінің бала тәрбиелеу жөніндегі аналық парызы мен өз қызметтерін қатар алып жүрудегі тәжірибелерімен бөлісті.

«Мен сегіз бала тәрбиелеп отырған көпбалалы анамын. Біз жолдасымыз екеуміз отбасымыздың үлкен болғанын қаладық. Үлкен балам 31 де, ал кенжем 10 жаста. Әкем де, анам да кезінде қазақ даласына тағдырдың жазуымен келгендер. Ол кісілер де осында танысты. Отбасын құрды. Сол кезеңнен бері қазақ ұлтының қамқорлығын көріп келеміз. Сол үшін де Қазақстанды ерекше жақсы көремін. Менен үнемі: «сегіз баланы тәрбиелеп өсіру қиын болған жоқ па?» деп сұрайды. Меніңше қиындықтың барлығы уақытша ғана. Қазір Шортанды ауданындағы мектеп кітапханасында жұмыс жасаймын. Ел қатарлы қарапайым ғана өмір сүріп келеміз», - дейді Наталья Николаевна.

Кездесу соңында көпбалалы аналарға Халықаралық әйелдер күнінің құрметіне Қазақстан халқы Ассамлеясының атынан алғыс хаттар мен гүл шоқтары табыс етілді.

«Құрметті аналар! «Ананың қалауын орындаған, ананың ақ тілек батасын алған ұл-қызының ісі оң болады», дейді халық даналығы. Мен Қазақстан халқы Ассамблеясы аналардың мұң-мұқтажын назардан тыс қалдырмайтынына сенім білдіргім келеді. Келе жатқан мерекелеріңіз құтты, өмірлеріңіз қуанышта толы болсын!», - деп тілек білдірді ҚХА төрағасының орынбасары.

Олжас СӘНДІБЕК
Өзгелердің жаңалығы