Тұрғын үй сертификаты деген несиенің бір түрі ме?

27 Қараша 2019, 00:31
4544
Бөлісу:
Тұрғын үй сертификаты деген несиенің бір түрі ме?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша баспаналы болғысы келетін жандар өзінің санатқа кіретіндігін растайтын құжатты жергілікті жердегі тұрғын үй қатынастар бөліміне апарып тапсырып, сол жерден банкке жолдама алады. Бұл туралы "Тұрғын үй сертификаттарын беру қағидаларын бекіту туралы" бұйрықта айтылған. 

Сонымен бұл бағдарламаға қатысушыларға қойылатын ең басты талап – Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы болуы міндетті. Олай болмаса, банктен дербес шот ашуға құқығы бар. Сондай-ақ бастапқы жарнаға қаржысы жетпегендер өзінің тұрғылықты жері бойыншаәкімдіктен бір миллион теңгенің тұрғын үй сертификатын алуға хақылы.

"Тұрғын үй сертификаттарын беру қағидаларын бекіту туралы" бұйрыққа сертификаттың екі түрі белгіленген. Бірі өте арзан кредит түрінде беріледі, ал екіншісін алғандардан миллионды қайтару талап етілмейді. Яғни, тұрғын үй сертификаты табысы 42,500 теңгеден аспайтын жандар үшін қайтарымсыз берілсе, табысы осы сомадан асатын тұрғындар үшін  пайызы 0,01% аспайтын төмен мөлшерлемемен беріледі. Сондай-ақ бұл сертификат баспананы жаңа үйлерден пәтер аламын деп шешкендерге ғана беріледі. 

Сонда бұл екеуінің айырмашылығы қандай? Оның біріншісі, яғни "әлеуметтік көмек" деп аталатыны – азаматтарға тегін, еш ақысыз және қайтарусыз негізде берілетін тұрғын үй сертификаты. Екіншісі, яғни "әлеуметтік қолдау" деп аталатыны – азаматтарға бюджеттік кредит түрінде, яғни ақылы әрі қайтарымды негізде, оның үстіне шектеулі белгілі бір мерзімге ғана берілетін тұрғын үй сертификаты. Жалпы, оның тек кредит деген аты болмаса, әйтпесе, пайызы өте аз – 0,01%.

Бюджеттік кредит түріндегі әлеуметтік қолдау көрсетілген жағдайда, әкімші (әкімдік) өтініш берушімен және сенім білдірілген өкілмен жылдық 0,01% сыйақы ставкасы бойынша 15 жылға дейінгі мерзіммен кредиттік шарт жасасады. Бюджеттік кредиттер беру, өтеу және қызмет көрсету бойынша қосымша талаптар кредиттік шартта белгіленеді, - деп түсіндірілген құжатта.

Елімізді бұл сертификаттарға нақты қандай санаттағы азаматтар қол жеткізетінін жергілікті әкімдіктер өздері анықтайды. Әкімші бекітілген тізбені және тұрғын үй сертификаттарын алу мүмкіндігі туралы хабарландыруды интернет-ресурстарда жариялануын қамтамасыз етуі шарт. Аталған санатқа жататын азаматтар баспананы ипотекаға алуға өтініш берген кезде екінші деңгейлі банкке тұрғын үй сертификатын алу ниеті барлығы туралы жазбаша хабарламаны қоса ұсынады. 

Тұрғын үй сертификатын алу үшін мынадай құжаттар қажет:                                                                              - тиісті формадағы өтініш,                                                                                                                                                - өтініш берушінің жеке куәлігі,                                                                                                                                       - жұмыс орнынан анықтама,                                                                                                                                           - тұрғылықты жерінен тиісті елді мекенде тұратынын растайтын мекенжай анықтамасы,                                        - несие сомасы,                                                                                                                                                                - бастапқы жарнаның мөлшері және эскроу-шот реквизиттері жайындағы мәліметтерден тұратын, өтініш берушіге бастапқы тұрғын үй сатып алу үшін ипотекалық қарыз берудің мақұлданғаны туралы банктің хаты ұсынылуы керек.





Өзгелердің жаңалығы