Сыртқы экономикалық жағдай тұрақты болса, биыл ел экономикасы 3-4%-ға өседі - Үкімет басшысы

14 Шілде 2022, 13:09
1242
Бөлісу:
Сыртқы экономикалық жағдай тұрақты болса, биыл ел экономикасы 3-4%-ға өседі - Үкімет басшысы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов бүгін өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді. 

Сіздің тапсырмаңызға сәйкес 3 жаңа облыс қалыптастырылды. Үкімет барлық тиісті ұйымдастыру-құқықтық іс-шараларды жүргізіп жатыр. Жаңа облыстардың құрылуы тұтастай еліміздің дамуына да қуатты серпін береді. Сыртқы экономикалық жағдай одан әрі нашарлайтын болмаса, биыл ел экономикасының өсу қарқыны 3-4%-ды құрайды деп болжаймыз. Жалпы, жаһандық белгісіздік жағдайында, Үкімет ұлттық экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша кешенді шараларды іске асыруды жалғастырады, - деп атап өтті Әлихан Смайылов. 

Айтуынша, аталған шаралар экономиканы әртараптандыруға, отандық өндірісті дамытуға, әсіресе азық-түлік тауарларын шығаруға, сапалы жұмыс орындарын құруға бағытталған.

Үкіметтің негізгі мақсаты – экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етіп, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын одан әрі арттыру. Бұл мақсатқа жетудің әдістері мен тетіктері тиісті экономикалық саясат жобасында пысықталды және тамыз айында сіздің әкімшілігіңізге енгізілетін болады, - деді Президенттің алдында есеп берген Үкімет басшысы. 

Еске сала кетейік, бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткен болатын. Оған барлық министрлер мен өңір әкімдері қатысты. Отырыс барысында алты айдың қорытындысы жасалды. 

Өзгелердің жаңалығы