Сыбайлас жемқорлық деңгейін бағалаудың тәуелсіз қорытындылары көрсетілді

8 Ақпан 2021, 13:25
1695
Бөлісу:
Сыбайлас жемқорлық деңгейін бағалаудың тәуелсіз қорытындылары көрсетілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қоғам өкілдеріне 2020 жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Ұлттық баяндама жобасы таныстырылды.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Antikor ortalygy» сервистік орталығында қоғам өкілдеріне 2020 жылдың қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Ұлттық баяндама жобасы таныстырылды.

Агенттіктің аппарат басшысы Қ.Жапақовтың модераторлығымен құжатты талқылауға елдегі жемқорлықты жоюға және қоғамда парасаттылық мәдениетін қалыптастыруға белсенді жәрдемдесуге мүдделі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Олардың арасында "Жаңару" сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы, Бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа-орталық, Қазақстанның Азаматтық Альянсы, Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы, «Факт» құқықтық ақпарат және журналистік тергеу бюросы, «Әділдік жолы» ҚБ, Жас заңгерлер палатасы, Агенттік жанындағы арнайы мониторинг тобы, Қоғамдық кеңесі, Ардагерлер кеңесі мен ғылыми сарапшылар кеңесі бар.

Стратегия және жедел басқару департаментінің директоры Н.Жақсымбетов құжатты таныстыра отырып, онда уәкілетті органның, басқа да мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қосқан үлесі қамтылғанын атап өтті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту, оның алдын алу, қоғаммен серіктестік, жауапкершіліктің бұлтартпастығы жөнінде қабылданған заңнамалық және практикалық шаралар, сондай-ақ БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының ережелерін, Еуропа Кеңесінің (GRECO) басшылық қағидаттарын және ЭЫДҰ ұсынымдарын ескере отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар берілді.

Covid-19 пандемиясымен күрес жөніндегі шараларға байланысты жемқорлық қылмыстарының алдын алу туралы ақпаратқа ерекше назар аударылды.


Сондай-ақ, Қазақстанда сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейін тәуелсіз бағалау қорытындылары көрсетілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жүйелі шаралардың, үкіметтік емес сектордың белсенді қатысуының арқасында, Covid-19 пандемиясының жағымсыз әсеріне қарамастан, Қазақстан Transparency International сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде (CPI) 2020 жылы алғаш рет 38 балл жинады, бұл 19 позицияға жоғары көтерілуге және 180 елдің арасында 94-орынды иеленуге мүмкіндік берді, - делінген ақпаратта.


Таныстырылымнан кейін кездесуге қатысушылар соңғы жылдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттағы елеулі оң өзгерістерді атап өтіп, Ұлттық баяндама жобасын пысықтау бойынша сындарлы ұсыныстар енгізді.

Атап айтқанда, «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ Орталық аппаратының басшысы М.Семғалиев жобаны өңірлік әлеуметтік зерттеулермен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсерін бағалаумен толықтыруды ұсынды.

Қазақстанның Азаматтық альянсының директоры Ә.Тәжібаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағартуды медиа-кеңістікте кеңінен және нақты таратудың маңыздылығын атап өтті.

«Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры М.Айтмағанбет мобильдік мемлекеттік қызметтерді кеңейтуді жылдамдату қажеттігіне назар аударды.

Агенттік жанындағы Ғылыми сарапшылар кеңесінің жетекшісі, Ұлыбританиядағы қазақстандық PhD докторлары қауымдастығының президенті А.Сембаева өзге баяндамашылармен қатар жемқорлыққа қарсы тәжірибедегі ғылыми негізделген көзқарастың маңыздылығын атап өтті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалар жөніндегі Басқарушы комитеттің басшысы Ж.Тайжанова жобалық менеджмент аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың ғылыми негізін құру қажеттілігіне қатысты әріптестерін қолдады.

«TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығының талдаушысы ведомствоаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы рейтингті енгізуді, сондай-ақ статистикалық деректердің сенімділігі мен практикалық құндылығын арттыруды ұсынды.



Өзгелердің жаңалығы