Суррогат анаға қатысты дау: Сот әйелден 550 мың теңгені өндіріп, моральдық өтемақыны алып тастады

Ақмолада суррогат анаға қатысты дау сотқа жетті: шығын өндірілді, бірақ моральдық өтемақы неге жойылды? Істің күтпеген қыры қандай?

 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов Кеше 2026, 19:32
Кеше 2026, 19:32
117
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Ақмола облысында суррогат аналық келісімшартқа байланысты ерекше азаматтық іс қаралды. Ерлі-зайыпты өздеріне бала көтеріп беруі тиіс болған әйелді сотқа берген. Ол келісімді бұзды деп танылды. Сот 550 мың теңгені өндіріп, моральдық өтемақыны апелляцияда алып тастады.

Сот мәліметінше, 2024 жылы тараптар суррогат аналық туралы келісімшарт жасаған. Құжатта екі рет ұрықтандыру әрекеті қарастырылған. Алайда алғашқы процедура сәтсіз аяқталып, эмбрион бекімеген.

2024 жылдың желтоқсаны мен 2025 жылдың ақпаны аралығында ерлі-зайыпты әйелге тексерулерге, дәрі-дәрмекке, тамақтануға және жүктілікке дайындыққа 500 мың теңгеден астам қаражат аударған, - деп хабарлады Ақмола облыстық соты.

Екінші әрекет 2025 жылдың наурыз айына жоспарланғанымен, суррогат ана клиникаға келмеген. Бір айдан кейін ерлі-зайыпты эмбрионды сақтауды тоқтату туралы шешім қабылдап, медициналық ұйымға өтініш берген.

Осыдан соң олар сотқа жүгініп, жұмсалған қаражатты қайтаруды және моральдық шығынды өтеуді талап етті. Олардың пікірінше, жауапкер келісімшарт талаптарын бұзған.

Бірінші сатыдағы сот талапты ішінара қанағаттандырды. Жауапкерден 550 мың теңге материалдық шығын өндіріліп, қосымша 500 мың теңге моральдық өтемақы төлеу міндеттелді, - делінген облыстық соттың хабарламасында.

Алайда апелляциялық сот алқасы бұл шешіммен толық келіспеді. Материалдық шығынды өндіру туралы шешімді күшінде қалдырғанымен, моральдық зиянды өтеу туралы бөлігін алып тастады.

Соттың түсіндіруінше, келісімшартта эмбрионды сақтау мәселесі қарастырылмаған. Сондықтан әйел оның кейінгі тағдырына жауапты емес. Эмбрион медициналық ұйыммен жасалған бөлек келісім негізінде сақталған, ал оны жою туралы шешімді ерлі-зайыпты өздері қабылдаған.

Нәтижесінде апелляциялық инстанция шешімді өзгертіп, тек материалдық шығынды өндіруді күшінде қалдырды. Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Тағы оқи отырыңыз:

Қазақстанда суррогат аналардың шетел азаматтарына бала туып беруіне тыйым салынады

Бала саудасы: Алматы әуежайында Қытай азаматтары ұсталды  

Наверх