Сурдлимпиадада шахматтан еліміздің ерлер құрамасы алтын алды

20 Желтоқсан 2019, 20:10
3793
Бөлісу:
Сурдлимпиадада шахматтан еліміздің ерлер құрамасы алтын алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел тарихында тұңғыш рет Италияның Валкьявенна қаласында өткен XIX Сурдлимпиадада шахматтан еліміздің ерлер құрамасы алтын алды. Отандастарымыз 15 елдің спортшылары қатысқан шахматтан командалық  ойында он кездесу өткізді.

Моңғолия, Хорватия, Болгария, Италияның спортшыларын айқын басымдықпен ұтқан шахматшыларымыз, Ресей, Польша, Германия, Өзбекстан құрамасымен тең ойын көрсетті. Қорытынды ойында Беларусь шахматшыларымен кездескен біздің спортшылар 2:2 есебімен тең түсті.

Қазақстан құрамасы сапында Самажан Кеттебеков, Виктор Максименко, Амангелді Наурызғалиев, Берік Нұрымов, Дмитрий Мочалский сынды шахматшылар ел намасын қорғады. Команда капитаны-Максим Рожков.

Осынау халықаралық байрақты бәсекеде "жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан" спортшыларымызды  ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова құттықтады.
Құрметті спортшылар! Қазақ елінің тарихында бұрын-соңды болмаған XIX қысқы Сурдлимпиадада алтын медаль иегері атануларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің бұл жетістіктеріңіз XIX қысқы Сурдлимпиадада еліміздің алғашқы жеңісі ретінде тәуелсіз Қазақстанымыздың тарихында өшпес із қалдырады. Бүкіл әлем халқының алдында қазақ спортшыларына тән қайсар мінез көрсетіп, озық екендеріңізді дәлелдедіңіздер. Сіздердің жеңістеріңіз еліміздің жас спортшыларына үлгі болары анық. Ал біз, барша отандастарыңыз, Сіздер сияқты батыл, ержүрек спортшыларымыздың арқасында шынайы мақтаныш сезіміне бөленіп отырмыз. Сіздерге шексіз алғысымды білдіре отыра, алдағы уақытта тек жеңіс тілеймін, - деп жазылған құттықтау хатта.

Өзгелердің жаңалығы