Суға түсу кезінде қауіпсіздік ережесін сақта!

21 Маусым 2022, 13:45
2577
Бөлісу:
Суға түсу кезінде қауіпсіздік ережесін сақта!

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаз мезгілінде адамдар бос уақыттарын өзен, көлдердің жағасында өткізгенді абзал көреді. Әрине, суға шомылу, күннің көзіне қыздырыну адамды сергек етеді және жұмысқа қабілетіңді арттырады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласының ПД баспасөз қызметі.

Алайда суға шомылу кезінде қарапайым ережелерді сақтамасақ, соңы қайғылы жағдайға душар ететінін қаперден шығармау керек.

Олай дейтініміз, күні кеше Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы өзендердің бірінде жасөспірім суға кетіп, қаза болды. Кәмелеттік жасқа толмаған баланың Тельман ауылы «Қарасу» өзенінде достарымен шомылып жүріп суға батып кеткені анықталды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. 

Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп шомылу орындары мен коммуналдық жағажайларды патрульдеудің мобильді топтарын ұйымдастырды. Аталған мобильді топ адамдардың қаза болуының алдын алу мақсатында, су нысандарына тексеріс жүргізеді, азаматтарға суда жүзу ережелерін сақтауды, кәмелетке толмағандардың ересектердің қарауынсыз суға түсуіне жол бермеуді ескертеді. Елорда аумағында барлық патрульдік автокөліктер құтқару құралдарымен жабдықталған. 

Полиция департаменті азаматтарды су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Су айдындарында балалардың қаза болуына жол бермеу мақсатында ата-аналарға балаларға судағы жүріс-тұрыс ережелері мен оларды бұзудың салдары туралы түсіндіруді ұсынамыз. Балалардың ересектердің қадағалауынсыз және белгіленбеген орындарда шомылуына үзілді-кесілді тыйым салынады.

Өзгелердің жаңалығы