Судағы қауіпсіздік: Рейд көп, бірақ қайғылы оқиға неге азаймайды?

Қайғылы оқиғалардың 90 пайызы тыйым салынған жерде болған.

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 15:41
Бүгiн 2026, 15:41
190
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Жаз мезгілі басталғалы Қазақстандағы су айдындарында қайғылы оқиғалар көбейіп отыр. Биылғы шомылу маусымы басталғалы бері елімізде 42 адам суға кетіп көз жұмған. Олардың 19-ы – кәмелетке толмаған балалар. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына жолдаған жауабында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі мәлім етті.

Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қайғылы оқиғалар айтарлықтай артқан. Былтыр дәл осы уақытта 29 адамның, оның ішінде 10 баланың суға кеткені тіркелген болатын.

Қай өңірлерде жағдай күрделі?

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, суға кету оқиғаларының өсуі әсіресе Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында байқалады.

Мамандардың айтуынша, мұндай қайғылы жағдайлардың басым бөлігі қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан орын алады.

Қайғылы оқиғалардың 90 пайызы тыйым салынған жерде болған

Ресми дерекке сәйкес, суға кету фактілерінің шамамен 90 пайызы шомылуға рұқсат етілмеген орындарда тіркелген.

Министрлік азаматтардың белгіленбеген жағажайларда шомылуы, ескерту белгілеріне мән бермеуі және өз қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауы қайғылы жағдайларға әкеліп соғатынын атап өтті.

Балалардың қараусыз қалуы – басты себептердің бірі

ТЖМ суға кетудің негізгі себептерін де атады. Оның ішінде балалардың ересектердің қарауынсыз суға түсуі, азаматтардың жүзу дағдыларының жеткіліксіздігі, адамдардың өз мүмкіндігін дұрыс бағаламауы негізгі қауіп факторлары болып отыр.

Әсіресе балалардың қауіпсіздігіне ата-аналардың жауапкершілігі ерекше маңызды екені айтылды.

57 адам құтқарылды

Қайғылы статистикамен қатар, құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында көптеген адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болған.

Жыл басынан бері Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері 57 адамды құтқарды. Олардың 11-і – балалар.

11,4 миллион теңгеден астам айыппұл салынған

Су айдындарындағы қауіпсіздікті күшейту мақсатында ТЖМ Ішкі істер министрлігімен бірлесіп ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді.

Жыл басынан бері еліміз бойынша 26 254 рейд пен патрульдік іс-шара ұйымдастырылған. Нәтижесінде судағы қауіпсіздік талаптарын бұзған 861 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 11,4 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.

Қауіпсіз жағажай қандай болуы керек?

Министрліктің түсіндіруінше, демалыс және шомылу орындары арнайы қауіпсіздік инфрақұрылымымен жабдықталуға тиіс.

Ондай орындарда:
•    құтқару бекеттері;
•    күзет посттары;
•    алғашқы медициналық көмек көрсету пункттері;
•    бақылау мұнаралары;
•    ақпараттық стендтер;
•    қауіпті аумақтарды белгілейтін қалқымалар болуы қажет.

Бұл талаптар демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Биылғы шомылу маусымындағы статистика қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі рұқсат етілмеген жерлерде болғандықтан, мамандар азаматтарды тек арнайы жабдықталған жағажайларда демалуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысында атасы мен немересі суға батып кеткені хабарланды.

Сондай-ақ, Каспий теңізінде жоғалған жас жігіт төрт күннен бері табылмай жатыр

Наверх