"Суға итеріп жіберді ме?": Атырауда қаза тапқан оқушының анасы істі қайта ашуды талап етті

Атырауда суға батқан 13 жастағы оқушының анасы баласын әдейі итергенін айтып, жабылған істі қайта қарауды талап етуде.

 ©BAQ.KZ коллажы/Арайлым Алтайқызы Кеше 2026, 19:57
Кеше 2026, 19:57
133
Фото: ©BAQ.KZ коллажы/Арайлым Алтайқызы

Атырау облысында екі жыл бұрын суға батып көз жұмған 13 жастағы мектеп оқушысының анасы қылмыстық істі қайта қарауды талап етіп отыр.

Қайғылы оқиға 2024 жылғы 21 тамызда Ақжар ауылына жақын маңда болған. Марқұм 7-сынып оқушысы Мерлан Сана сол күні өзінен құралған сегіз жасөспіріммен бірге Жайық өзеніндегі ескі айлақта болған.

Марқұмның анасы Анаргүл Қасанғалиеваның айтуынша, баласын бұрын жанжалдасқан қатарластарының бірі әдейі суға итеріп жіберген.

Оқушының денесі екі күннен кейін, өзен ағысымен 12 шақырым төмен жерден табылған.

Анасының сөзінше, оқиға алдында баласының телефонында күмәнді хат алмасу болған. Онда әлгі жасөспірімдердің бірі «өлесің» деп жазған.

Қайғылы жағдайдан кейін «абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен, кейін тергеу тоқтатылған.

Атырау облыстық полиция департаменті істі тергеу барысында барлық қатысы бар тұлғалар анықталып, қажетті сараптамалар жүргізілгенін мәлімдеді. Алайда іс процессуалдық негізде жабылған.

Полиция мәліметінше, күдікті қылмыстық жауапкершілік жасына толмаған.

Іс ҚР ҚПК-нің 35-бабы негізінде тоқтатылды, себебі күдікті қылмыстық жауапкершілік жасына жетпеген, – деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Оқиға кезінде баланы суға итерді деген күдікке ілінген жасөспірім де небәрі 13 жаста болған.

Алайда марқұмның отбасы бұл істің осылай аяқталуымен келіспейді. Анасы істі қайта қарап, оқиға орнында болған барлық жасөспірімдердің әрекетіне құқықтық баға беруді талап етуде.

Ұлымның өліміне себеп болған адамдар ештеңе болмағандай өмір сүріп жүргенін көру мен үшін өте ауыр, – дейді Анаргүл Қасанғалиева.

Наверх