Суды цифрлық басқару: Халықаралық сарапшы Қазақстанға жоғары баға берді

13 Қараша 2026, 11:04
АВТОР
 Үкімет 13 Қараша 2026, 11:04
13 Қараша 2026, 11:04
133
Фото: Үкімет

Қазақстанда әзірленіп жатқан Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі су қоймаларындағы жағдайды бақылауға мүмкіндік береді. Астанада жүйенің цифрлық картасы мен Шардара су қоймасының үш өлшемді моделі таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Су ресурстары және ирригация министрлігінінің мәлімдеуінше, Германияның Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғамы (GIZ) бағдарламаларының жетекшісі Каролина Милов Қазақстанда Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін әзірлеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берген.

Су қоймасындағы өзгерістерді бақылауға болады

Астанада Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығының Ситуациялық орталығы ашылды. Іс-шара барысында мамандар жаңа жүйенің мүмкіндіктерін көрсетті.

Бейнеқабырғада су нысандарының цифрлық картасы мен Шардара су қоймасының үш өлшемді моделі ұсынылды. Онда су көлемі мен деңгейі, су ағыны, су жіберу көрсеткіштері және су қоймасының толу динамикасы туралы мәліметтер қамтылған.

Каролина Милов әріптестердің қолда бар ресурстарды тиімді пайдаланып, жоспарланған нәтижеден де жоғары жетістіктерге қол жеткізіп отырғанын атап өтті.

Біздің қолдауымыздың нақты нәтижесін көріп отырғанымызға қуаныштымыз.Әріптестеріміз ұсынылған ресурстарды тиімді пайдаланып, оларды басқа ұйымдардың бастамаларымен ұштастырып, бастапқыда жоспарланған нәтижеден де жоғары жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Әсіресе су ресурстарын басқару саласында еңбек етіп жүрген мамандардың кәсібилігі мен әлеуетін ерекше атап өткім келеді, – деді ол.

Су үнемдеу сабақтарына миллиондаған оқушы қатысқан

GIZ өкілі Су ресурстары және ирригация министрлігінің мектептерде депутаттар мен елшілердің қатысуымен су үнемдеу тақырыбында экологиялық сабақтар өткізу бастамасын да қолдады.

Мұндай сабақтарға 3,3 миллионнан астам оқушы мен 35 мың студент қатысқан.

Каролина Миловтың пікірінше, өзге елдердің тәжірибесімен танысу және нақты мысалдарды талқылау сабақтардың мазмұнын байыта түседі.

Бір-бірімізден үйреніп, басқа елдердің тәжірибесімен танысу маңызды. Шақырылған спикерлер бөлісетін нақты мысалдар сабақтардың мазмұнын байытып, оқушылар үшін қызықты әрі танымды ете түседі, – деді сарапшы.

 

Наверх