- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Субсидия экономикаға серпін бере ме, әлде тәуелділік қалыптастыра ма?
Субсидия экономикаға серпін бере ме, әлде тәуелділік қалыптастыра ма?
Мемлекеттік қолдау бизнесті дамытуы керек, бірақ субсидияға тәуелді етпеуі тиіс. Экономистер қаражаттың ашық бөлінуі мен нақты нәтижеге қарай бағалануы маңызды екенін айтады.
13 Қараша 2026, 17:48
Мемлекеттік қолдау кәсіпкерлікті дамытуға, өндірісті ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Алайда субсидияға қол жеткізу бизнестің басты мақсатына айналса, оның экономикаға берер пайдасы қандай? Бір кәсіпорын мемлекеттік көмектің арқасында дамыса, екіншісі онсыз бәсекеге түсе алмайтын жағдай қалыптасуы мүмкін. Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің материалында.
Субсидияның пайдасы мен тәуекелі қандай?
Субсидия – экономиканы қолдаудың маңызды құралдарының бірі. Ол кәсіпкерлікті дамытуға, өндірісті кеңейтуге, жұмыс орындарын ашуға және стратегиялық маңызы бар салаларды қолдауға мүмкіндік береді. Бірақ мемлекеттік көмектің тиімділігі оның көлемімен ғана өлшенбейді. Ең маңыздысы – бөлінген қаражаттың экономикаға қандай пайда әкелгені.
Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, субсидияның кәсіпкерлікке әсері екіжақты. Бір жағынан, ол бизнестің дамуына жол ашса, екінші жағынан, нарықтағы табиғи бәсекелестікке кері ықпал етуі мүмкін. Мәселен, бір кәсіпорын мемлекеттік қолдау алып, екіншісі барлық шығынын өз қаражаты есебінен өтесе, субсидия алған компанияның бағаны төмендетіп, нарықта басымдыққа ие болу мүмкіндігі артады.
Субсидия кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін арттыруы керек. Бірақ оны нарықтағы басқа ойыншылардан негізсіз артық етпеуі қажет. Өйткені мемлекеттік қолдау алған кәсіпорынның бәсекелестерінен артықшылыққа ие болуы нарықтағы табиғи бәсекелестікке әсер етуі мүмкін, – дейді экономист.
Бауыржан Ысқақтың пікірінше, мемлекеттің міндеті – нарықтағы кедергілерді жоюға көмектесу. Алайда кәсіпорындардың орнына шешім қабылдамауы керек. Ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, инновация, экспорт және инфрақұрылым сияқты салаларда мемлекеттік қолдаудың экономикалық негізі бар. Себебі мұндай бағыттарда бастапқы инвестиция көлемі жоғары, тәуекел көп, ал жобалардың өзін-өзі ақтау мерзімі ұзақ болуы мүмкін.
Ал кәсіпорын бірнеше жыл бойы тек субсидия есебінен жұмыс істеп, өнімділігін арттырмаса, технологиясын жаңартпаса, мұндай қолдау экономиканы дамытуға емес, тиімсіз бизнесті сақтап қалуға қызмет етеді.
Мемлекеттік қолдаудың басты қағидаты – кәсіпорынды мемлекетке тәуелді етпей, нарықта өз бетінше жұмыс істей алатын деңгейге жеткізу, – дейді сарапшы.
Қаржы саласының маманы, экономист Айбар Олжай да субсидияның кәсіпкерлікті дамытуға ықпалы әрдайым бірдей емес екенін айтады. Оның сөзінше, мемлекеттік қолдауға үйреніп кеткен кәсіпкерлер де бар. Олар өз бетінше дамуға ұмтылудың орнына, мемлекеттен бөлінетін қаражатқа бейімделіп алады.
Өз тәжірибемізден көріп жүргеніміздей, субсидия алуға үйреніп кеткен кәсіпкерлер бар. Олар өз бетінше дамуға, аяққа тұруға емес, мемлекеттен қолдау алуға бейімделеді. Әрине, субсидияның көмегімен дамып жатқан кәсіпкерлер де бар. Бірақ осы екі жағдайды салыстырып қарауымыз керек. Мемлекет берген субсидиядан экономикаға келіп жатқан пайда қаншалықты? – дейді Айбар Олжай.
Экономистің пікірінше, субсидия кәсіпкерді үнемі қолдауға тәуелді етпеуі керек. Сондықтан оны беру тәртібі мен мерзіміне нақты талаптар қажет. Әсіресе ауыл шаруашылығынан тыс секторларда субсидияны шектеулі мерзімге, мысалы, бір жылға ғана беру мәселесін қарастыруға болады. Одан кейін кәсіпкер өз бетінше жұмыс істеп, дамуға тиіс.
Субсидияның орнына қандай қолдау тетіктері тиімді?
Мемлекеттік көмекті тек тікелей субсидиямен шектеу дұрыс емес. Бауыржан Ысқақтың айтуынша, әр саланың ерекшелігіне қарай бірнеше қолдау тетігін қатар қолданған жөн.
Оның ішінде жеңілдетілген инвестициялық қаржыландыру мен кепілдік беру тетіктері бар. Мысалы, кәсіпкер өндіріс ашқысы келгенімен, кепілге қоятын мүлкі жеткіліксіз болуы мүмкін. Мұндай жағдайда мемлекет кепілдік беру арқылы оның қаржыға қол жеткізуіне көмектесе алады.
Сондай-ақ салықтық ынталандыруды да тиімді пайдалануға болады. Бұл әсіресе өндірісін кеңейтетін, жаңа жұмыс орындарын ашатын немесе тапқан табысын қайта инвестициялайтын кәсіпорындар үшін маңызды.
Тағы бір бағыт – инфрақұрылымдық қолдау. Яғни кәсіпкерлердің электр энергиясына, суға, жылуға, газға, логистикаға және инженерлік желілерге қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Мемлекеттік қолдаудың барлық түрін тікелей субсидиямен шектемеуіміз керек. Әр саланың ерекшелігіне қарай бірнеше тетікті қатар қолданған дұрыс. Ал субсидияны әлеуметтік маңызы бар өнімдер немесе стратегиялық салалар бойынша нақты қажеттілік туындаған жағдайда ғана қолданған жөн деп ойлаймын, – дейді Бауыржан Ысқақ.
Экономист ауыл кәсіпкерлеріне бірнеше жыл бойы несие пайызын субсидиялағаннан гөрі, олардың өндірісіне қажетті жол, су және электр инфрақұрылымын жеткізіп беру әлдеқайда тиімді нәтиже беруі мүмкін екенін айтады. Бұл ретте даму институттарының қолдау тетіктерінің де маңызы зор.
Оның сөзінше, Дүниежүзілік банктің 2016 жылғы зерттеуінде Қазақстандағы шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламалары қарастырылған. Зерттеуде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз еткенімен, олардың өнімділігін автоматты түрде арттырмайтыны көрсетілген. Ал тәуекелді банк пен кәсіпкер арасында бөлісетін кепілдік беру тетігі тиімдірек болуы мүмкін екені айтылған.
Мемлекеттік қолдау кімге тиімді: ірі компанияларға ма, әлде шағын бизнеске ме?
Субсидия бөлу кезінде туындайтын тағы бір мәселе – мемлекеттік қолдаудың ірі компаниялардың мүддесіне жұмыс істеп кету қаупі. Бауыржан Ысқақтың пікірінше, мұндай тәуекел бар. Егер қолдауға қол жеткізуде кәсіпорынның көлемі, қаржылық жағдайы немесе әкімшілік ресурстары шешуші рөл атқарса, ірі компаниялардың артықшылыққа ие болу ықтималдығы жоғарылайды.
Мәселен, ірі кәсіпорындардың кепілге қоятын мүлкі де, қаржылық есептері де ауқымды. Сондықтан мемлекеттік бағдарламаларда оларға қойылатын талаптар мен шағын кәсіпкерлердің мүмкіндіктері бірдей болмауы мүмкін.
Мемлекет тарапынан қолдау көрсету жүйесі барынша әділ әрі ашық болуы керек. Кәсіпкерлердің бәріне бірдей мүмкіндік берілуі қажет. Ол үшін мемлекеттік қолдау талаптарын жеңілдетіп, шешім қабылдау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету маңызды, – дейді экономист.
Айбар Олжай да субсидия бөлу жүйесінің ашықтығына ерекше мән беру керек деп есептейді. Оның айтуынша, мемлекеттік қолдауға қол жеткізу тәртібін цифрландыру арқылы қаражаттың кімге, қандай мақсатта және қанша көлемде беріліп жатқанын бақылау қажет.
Экономистің пікірінше, кейбір салаларда мемлекеттік қолдау жүйесіне қатысты күмәнді жағдайлар болуы мүмкін. Жылдар бойы қалыптасқан белгілі бір топтар субсидия бөлу процесіне ықпал етуі ықтимал. Тіпті бұл үдерістерге көлеңкелі экономиканың да қатысы бар ма деген сұрақ туындайды.
Біздің экономикамызда кейбір салалар қара құрдымға айналып кеткендей әсер қалдырады. Жылдар бойы қалыптасқан белгілі бір топтар пайда болып, субсидия бөлу жүйесіне ықпал ететін жағдайлар болуы мүмкін. Тіпті бұл процестерге көлеңкелі экономиканың да қатысы бар деген сұрақ туындайды. Мұның барлығы қоғамға да, жалпы экономикаға да әсер етеді, – дейді Айбар Олжай.
Оның сөзінше, сондықтан субсидия жүйесін бірден тоқтату немесе түбегейлі өзгертуге асықпай, алдымен оның нақты тиімділігін бағалау қажет. Мемлекеттік қолдау экономикаға пайда әкеліп жатыр ма, әлде белгілі бір топтардың мүддесіне жұмыс істеп тұр ма – негізгі мәселе осы.
Субсидияның тиімділігін қалай бағалау керек?
Бауыржан Ысқақ мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру үшін бес бағытқа назар аудару қажет деп санайды.
Біріншіден, субсидияның бөлінуі мен жұмсалуына қатысты ақпарат ашық болуы керек. Қандай кәсіпорын қанша қаражат алғаны, оны қандай мақсатқа жұмсағаны және қандай нәтиже көрсеткені қоғамға қолжетімді болғаны жөн.
Екіншіден, қаржыландыру нәтижеге қарай жүргізілуі қажет. Субсидия алған кәсіпорынның жұмысы өндіріс көлемі, еңбек өнімділігі, экспорт көлемі, салық түсімдері және жаңа жұмыс орындарын ашу көрсеткіштері бойынша бағалануы керек.
Үшіншіден, мемлекеттік қолдауға уақыт шектеуін енгізген дұрыс. Мысалы, субсидия екі-үш жылға берілгеннен кейін кәсіпорынның нәтижесіне қарай оны жалғастыру немесе тоқтату туралы шешім қабылдануы мүмкін. Әрине, бұл мерзім саланың ерекшелігіне байланысты белгіленуі керек.
Төртіншіден, бизнестің мемлекеттік қолдауға қол жеткізу мүмкіндігін арттыру қажет. Ол үшін өтінім беру рәсімдерін жеңілдетіп, барлық кәсіпорынға ортақ талаптар қалыптастырған жөн.
Бесіншіден, субсидияның экономикалық тиімділігін тәуелсіз бағалау жүйесін енгізу маңызды. Яғни бөлінген қаражаттың нәтижесін оған қаржы бөлген мемлекеттік орган ғана емес, тәуелсіз сарапшылар да бағалауы керек.
Экономистің айтуынша, бұл мәселелер Қазақстан үшін маңызды. Оның келтірген деректеріне сүйенсек, соңғы алты жылда кәсіпкерлікке кемінде 4,5 миллион көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілген. Оның 30 пайызы бизнеске қолдау көрсетуге тиесілі. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау шараларының кейбірінде түрлі кемшіліктер бар екені де айтылып жүр.
Мемлекет бизнестің шығынын өтеп отыруы керек пе?
Екі экономистің пікірінен түйетін ортақ ой – субсидиядан толық бас тарту мәселені шешпейді. Керісінше, мемлекеттік қолдаудың мақсаты мен нәтижесін қайта қарау қажет. Субсидия кәсіпорынның тұрақты дамуына жол ашып, белгілі бір уақыттан кейін оны мемлекет көмегінсіз жұмыс істей алатын деңгейге жеткізуі тиіс.
Бауыржан Ысқақтың пікірінше, мемлекеттік қолдаудың философиясын өзгерткен жөн. Яғни «Кәсіпорынға қанша ақша бөлінді?» деген сұрақтың орнына «Сол ақша экономикаға қаншалықты пайда әкелді?» деген сауалға жауап іздеу керек.
Қазақстанға субсидиядан толық бас тартудың қажеті жоқ. Бірақ мемлекеттік қолдаудың философиясын өзгерту керек. Мемлекет бизнестің шығынын үнемі өтеп отыратын мекеме емес, оның дамуына жағдай жасайтын институт болуы керек. Субсидия алған кәсіпорын уақыт өте келе мемлекетке тәуелді болмай, керісінше, бюджетке салық төлейтін, жаңа жұмыс орындарын ашатын тұрақты бизнеске айналуға тиіс, – деп түйіндеді экономист.
Ал Айбар Олжай субсидия жүйесін қайта қарау кезінде ең алдымен оның нәтижесіне назар аудару керегін айтады. Мемлекеттік қаражаттың нақты пайдасы болмаса, оны бөлу тәртібін өзгерту мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек.
Түптеп келгенде, субсидияның тиімділігі бөлінген қаражаттың көлемімен емес, оның экономикаға әкелген нәтижесімен өлшенуге тиіс. Кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың арқасында аяғынан нық тұрып, өз бетінше жұмыс істей алса, субсидия өз мақсатына жетті деуге болады. Ал бизнес жылдар бойы бюджет қаржысына сүйеніп қалса, онда мемлекеттік көмектің тиімділігіне қайта үңілу қажет.
Ең оқылған:
- Алматының үстіндегі қара түтін қайдан пайда болады? Мамандар зерттеу нәтижесін жариялады
- Сегіз чемодан, шашылған доллар: «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшылары не үшін ұсталды?
- Нұртөре Жүсіп: Бұрын тек шабақтар мен шортандар қармаққа ілінсе, бүгін екі бірдей акула ауға түсті
- Оқушыларды шошытқан: Алматы облысында мектепке терезе арқылы кірген жалаңаш ер адам ұсталды
- Мәртебе құтқармайды: «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты сарапшылар не айтты?
Мақпал ОРЫНБЕК