Су жаңа сенатор: Университет жүйесінде көп нәрсені өзгерту керек

18 Тамыз 2020, 19:23
2502
Бөлісу:
Су жаңа сенатор:  Университет жүйесінде көп нәрсені өзгерту керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Пандемия мен экономикалық дағдарыс кадрлар даярлаудағы мемлекеттік саясаттың кемшіліктері мен қателіктерінің бетін ашты. Бұл туралы Сенаттың жаңа сайланған депутаты Ақылбек Күрішбаев facebook-тегі парақшасында жазды. 

Елімізде адами капиталды дамыту үшін барлық мүмкіндіктерге ие бола отырып, осы жылдар ішінде біздің жоғары білім беру жүйесін заманауи деңгейге жеткізе алмағанымыз, өз мемлекетімізде "Болашақ" бағдарламасын іске асыруға қауқарсыз болғанымыз өкінішті. Бірақ жасауға болатын еді, - деді ол. 

Күрішбаев атағандай, біз мұнайлы ел бола тұра, мамандарды даярлау деңгейі бойынша Белорусиядан да артта қалып отырмыз. 

Мемлекет үшін жоғары білікті кадрлар даярлаудың қажеттілігін түсіне отырып, Президентіміз Тоқаев бюджет тапшылығына қарамастан, студенттерді оқыту үшін мемлекеттік білім беру гранттарының құнын арттыру жөнінде теңдессіз шешім қабылдады. Ал бұл - осындай ауыр уақытта халықтық ақшадан бөлініп отырған қосымша ондаған миллиард қаржы. Сондықтан, халықтың: "Бұдан жоғары оқу орындарында мамандар даярлау сапасы жақсара ма?" деп сұрауына толық құқығы бар.Университет ректоры ретінде мен Мемлекет басшысының оқу құнына байланысты ертеден келе жатқан жүйелі мәселені шешкеніне қуаныштымын. Өйткені қазіргі заманғы маманды, мәселен, болашақ биотехнологтар немесе ветеринарларды жылына 349 мың теңге (!) қаржыға сапалы дайындау мүмкін емес қой. Сонымен бірге, егер біз жоғары оқу орындарында кадрлар даярлаудың қолданыстағы жүйесін дамыған елдердегі сияқты өндіріс қажеттіліктеріне, жұмыс берушінің сұранысына қарай қайта бағдарламасақ, осы бөлінген халықтық ақшаның "құмға сіңгендей" ізсіз жоқ болатынын жақсы түсінемін. Ол үшін біздің университеттік жүйеде көп нәрсені өзгерту керек, - деді ол.
Өзгелердің жаңалығы