Қазақстанда ғылымға бөлінетін қаржының 70 пайызы Алматы мен Астанаға бағытталады. Ал ғылыми қызметкерлердің 60 пайызы осы екі қалада шоғырланған. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев Алматыда өткен Жас ғалымдардың III халықаралық конгресінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Академия президентінің айтуынша, Қазақстанда ғылымды дамыту үшін өңірлердегі зерттеушілерге көбірек мүмкіндік беріп, ғылыми жобаларды нақты өндірістік және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттау қажет.
Қазақстандағы ғалымдардың жартысына жуығы - жастар
Ақылбек Күрішбаевтың мәліметінше, 2025 жылы Қазақстандағы ғалымдар саны 28 мыңнан асқан. Олардың 48 пайызы – жас зерттеушілер.
Жастар ғылымға батыл қадам басып, өз зерттеулерімен ел алдында тұрған міндеттерді шешуге атсалысуда, - деді ол.
Биылғы халықаралық конгреске әлемнің 35-тен астам елінен 1000-нан аса жас ғалым қатысып жатыр. Күрішбаевтың сөзінше, Академия жас зерттеушілердің халықаралық ғылыми жобаларға қатысуына және шетелдік әріптестерімен бірлесіп жұмыс істеуіне жағдай жасауды көздейді.
Ғылымға бөлінетін қаржының 70 пайызы екі қалада шоғырланған
Академия президенті Қазақстандағы ғылыми әлеуеттің өңірлер арасында біркелкі бөлінбегеніне назар аударды.
2025 жылғы мәлімет бойынша ғылымға бөлінетін қаржының 70%-ы, ғылыми қызметкерлердің 60%-ы Алматы мен Астанада шоғырланған, - деді Ақылбек Күрішбаев.
Оның айтуынша, бұл мәселені шешу үшін «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» бастамасы жүзеге асырылып жатыр.Осы бағдарлама аясында Академия Президиумының өңірлерде 13 көшпелі отырысы өткен. Әкімдіктер және бизнес өкілдерімен бірлесіп, аймақтардың ғылыми басымдықтары айқындалған.Қазір өңірлік ғылымды дамыту бағдарламалары әзірленіп, форсайт орталықтары құрылып жатыр. Бұл жергілікті жас ғалымдарға өз жобаларын ұсынуға және ғылыми зерттеулерін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді.
2027 жылдан бастап бес бағытта ірі ғылыми бағдарламалар іске қосылады
Ақылбек Күрішбаев Қазақстанда ғылыми зерттеулерді нақты нәтижеге бағыттау үшін жаңа бағдарламалар әзірленгенін айтты. 2027 жылдан бастап су ресурстары, сейсмикалық қауіпсіздік, стратегиялық минералдар, энергетикалық материалдар және автомобиль жолдары технологиялары бойынша ірі ғылыми жобаларды іске қосу жоспарланып отыр.
Бұл бағдарламаларға Қазақстанда және шетелде еңбек етіп жүрген қазақстандық жас ғалымдар тартылады.Академия президентінің айтуынша, мұндай жобалар зерттеушілерге тәжірибе жинақтап қана қоймай, өз жаңалықтарын іс жүзінде қолдануға жол ашады.Сонымен қатар Академия 75-тен астам өңірлік және салалық форсайт сессиясын өткізіп, ғылым мен технология саласындағы 220-ға жуық перспективалы міндетті айқындаған.
Қазақстанда жасанды интеллект су тасқыны мен құрғақшылықты болжауға қолданылады
Ақылбек Күрішбаев ғылыми зерттеулерде жасанды интеллектіні қолдану жұмыстары туралы да айтты.Оның сөзінше, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы Қытай және Оңтүстік Кореяның ғылыми ұйымдарымен бірлесіп, бірнеше технологиялық жобаны дамытып жатыр.
Жасанды интеллект деректерді өңдеуге, заңдылықтарды анықтауға және шешім іздеу үдерісін жеделдетуге көмектеседі. Ал зерттеу міндетін айқындау, ғылыми болжамдарды тексеру, нәтижелерді бағалау және қорытындыға жауап беру ғалымның еншісінде, - деді ол.
Атап айтқанда, 2027 жылдан бастап жасанды интеллект көмегімен су теңгерімін болжау, құрғақшылық пен су тасқыны қаупін бағалау құралдарын сынақтан өткізу жоспарланған. Бұдан бөлек, Қытай ғылым академиясымен бірлесіп, спутниктік технологиялар арқылы мұздықтарды, су ресурстарын, ауыл шаруашылығы алқаптары мен қоршаған ортаны зерттеуге арналған Space Dance бастамасы жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ Қазақстанда ғарыштан берілетін деректерді жоғары жылдамдықпен қабылдайтын жерүсті станциясын салу жобасы пысықталуда.
Еліміздің басты ресурсы – деректер де, есептеу қуаты да емес. Еліміздің басты байлығы – сіздердің таланттарыңыз, соны идеяларыңыз және жаңалық ашуға деген ұмтылыстарыңыз, - деп түйіндеді Ақылбек Күрішбаев.