Қазақстанда жас ғалымдарға қандай қолдау көрсетіліп жатыр?

12 Қараша 2026, 12:03
АВТОР
 ©️ BAQ.KZ/Артем Чурсинов 12 Қараша 2026, 12:03
12 Қараша 2026, 12:03
171
Фото: ©️ BAQ.KZ/Артем Чурсинов
Қазақстанда жас ғалымдарды қолдау мақсатында гранттық қаржыландырудың түрлі тетіктері қарастырылған. Қазір ғылыми жобаларға бөлінетін гранттардың кемінде 30 пайызы жас ғалымдардың еншісінде. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Қуаныш Тастамбек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, жас ғалымдарды қолдау және олардың ғылыми жұмыстарын таныстыру мәселесі III халықаралық жас ғалымдар конгресінде талқыланып жатыр.

Бүгін үшінші халықаралық жас ғалымдар конгресі болып жатыр. Жас ғалымдарды қолдау мүмкіндіктері, ғылыми жұмыстарын таныстыру бойынша маңызды конгресс. Себебі Ұлттық ғылым академиясында алғаш рет Жас ғалымдар кеңесі 2024 жылы құрылды. Бұл Қазақстан ғылымында жүрген жас ғалымдардың басын біріктіретін жоба, – деді Қуаныш Тастамбек.

BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Кеңес төрағасы соңғы бес жылда жас ғалымдарды қолдау тетіктері айтарлықтай көбейгенін атап өтті. Соның бірі – жас зерттеушілерге арналған жеке гранттар. Оның түсіндіруінше, бұл гранттарға PhD дәрежесін алып, диссертациясын әлі қорғамаған немесе докторантураны енді аяқтап, ғылым жолына түскен мамандар да қатыса алады. Олар 30 миллион теңгеге дейін гранттық қаржыландыру ала алады.

Сонымен қатар диссертациясын қорғаған жас ғалымдарға 90 миллион теңгеге дейінгі гранттық жобалар қарастырылған.

Тағы бір маңызды жайт – кәдімгі гранттық қаржыландырумен бағдарламалар, нысаналы гранттар бар. Олардың ішінде де міндетті түрде жас ғалымдардың үлесі болуы керек. Ол көрсетілмесе конкурс мәресіне жетпейтін болады, – деді ол.

Қуаныш Тастамбек жас ғалымдар кеңесінің құрамы да жыл сайын жаңарып отыратынын айтты. Оның сөзінше, кеңес төрағасы мен мүшелері ротация арқылы ауысып, ғылым мен технология саласына өзгеріс енгізуге ниетті мамандармен толығып отырады.

Сондай-ақ ол қазіргі таңда гранттық қаржыландырудың кемінде 30 пайызы жас ғалымдарға тиесілі екенін жеткізді. Бұған қоса, кейінгі үш жылда докторанттар саны артқан. Бұл да жас зерттеушілердің ғылыми жобалармен айналысуына мүмкіндік беріп отыр.

Жас ғалымдарға арналған стипендия алушылардың жас шегі де 44 жасқа дейін ұлғайтылған.

Яғни мамандар 44 жасына дейін ғылыммен айналысып, қаржыландыру ала алады, – деп түйіндеді Қуаныш Тастамбек.

Наверх