Су тасқыны. Ақтөбе облысында комиссия екі күнде 1237 өтініш қабылдады

3 Сәуір 2024, 16:33
383
Бөлісу:
Су тасқыны. Ақтөбе облысында комиссия екі күнде 1237 өтініш қабылдады
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Материалдық шығынды есептейтін комиссия екі күнде 1237 өтініш қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өтініштер эвакуациялық пункттерде және аудандардағы әкімдіктерде қабылдануда.

Ақтөбе облысында су тасқыны қаупі әлі де сақталып отыр. Өңірде Асхат Шахаровтың төрағалығымен су тасқынына қарсы жедел штаб жұмысы жалғасуда.

Көктемгі су тасқынының салдарын жою бойынша құрылған арнайы комиссия ТЖ жарияланған Әйтеке би, Мұғалжар, Қобда, Темір, Ойыл аудандарында және Ақтөбе қаласында жұмысын бастады. Материалдық шығынды есептеу үшін құрылған комиссия екі күнде 1237 құжат қабылдаған. Алматы ауданынан түскен 732 өтініш – ең көбі.

Жалпы, құжаттар Ақтөбедегі №18, 45, 8, 2, 14, 31, 22, 36, 26, 16, 40, 47, 30, 12, 5, 71, 53, 57, Қызылжар және М.Арын атындағы мектептерінде ұйымдастырылған эвакуациялық орталықтар және Алматы мен Астана аудандарының әкімдіктерінде қабылданады.

Ал аудандар бойынша өтініштерді комиссия Ойылда - Ш.Бекмұхамбетов атындағы мектеп-гимназия, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен аграрлық колледжінде қабылдауда. Қобда, Мұғалжар, Әйтеке би, Темір аудандық әкімдіктері мен Саркөл, Алтықарасу және Кеңестуы ауылдық округтерінің әкімдіктерінде комиссия тұрғындар өтініштерін қабылдайды.

Өзгелердің жаңалығы