Ғылым және жоғары білім министрі жұмыс сапарымен Абай облысына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сапар барысында министр «Семей медицина университеті» КЕАҚ базасында орналасқан мұражайды аралап, университеттің 70 жылдық мерей тойының салтанатты жиынына қатысты.
Сонымен қатар, басқарма басшысы жоғары оқу орындары қауымдастығының жалпы жиналысының отырысына қатысты. Іс-шараның мақсаты – жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беруді жетілдіру, заман талабына сай адами капиталды дамыту және университеттердің үшінші миссиясын жүзеге асыру мәселелерін талқылау.
Бүгінде жекеменшік университеттер түрлі салада жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Студенттерге жайлы оқу үшін қажетті жағдайлар жасалған. Жатақханалар жыл сайын жөндеуден өтеді. Студенттер – еліміздің болашағы. Әрқайсымыздың міндетіміз оларға заманауи білім, толыққанды тәрбие беру, – деді министр Саясат Нұрбек.
Облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков биыл студенттерге 200-ге жуық әкім гранты бөлінгенін атап өтті. Облыста орналасқан жоғары оқу орындары ғылым, білім, спорт және әлеуметтік бағытта жоғары көрсеткіштерді көрсетіп отыр.
Сонымен қатар, Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні қарсаңында Ғылым және жоғары білім министрінің қатысуымен Шәкәрім университетінде «Семей ядролық сынақ полигоны: ғылым және қоғам» атты халықаралық дөңгелек үстел өтеді.