Стати Вашингтондағы сот процесінде жеңілгенін мойындады – Әділет министрлігі

1 Қараша 2021, 09:45
7229
Бөлісу:
Стати Вашингтондағы сот процесінде жеңілгенін мойындады – Әділет министрлігі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Стати Вашингтондағы сот процесінде жеңілгенін мойындады. Стати тарабы өзінің Қазақстанның дипломатиялық меншігіне тыйым салу жөніндегі заңсыз әрекетін кері қайтарып алды. Бұл туралы Әділет министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

2021 жылғы 28 қазанда Молдова азаматтары Анатол мен Габриэль Стати Вашингтон федералды сотынан АҚШ астанасындағы Қазақстан Республикасының дипломатиялық меншігіне тыйым салу туралы өтінішін қайтарып алуға рұқсат сұрады.

Стати өз өтініштерін 2021 жылдың шілдесінде берді, онда олар Қазақстанның Вашингтондағы дипломатиялық резиденциясы коммерциялық кеңсе ретінде пайдаланылды деп жалған мәлімдеме жасады.

2021 жылғы тамызда Қазақстан сотқа толықтай материалдарды ұсынып, Статидің мәлімдемелері жалған екенін дәлелдеді. Қазақстанның дәлелдемелеріне жауап беруге тырысудың орнына, Стати мерзімді ұзартуды екі рет сұрады. Сот бірінші сұранысты қанағаттандырды.Алайда, Статидің жеткілікті уақыты бар деп есептеп, екінші сұранысын қабылдамай, оларға 2021 жылғы 29 қазанға дейін жауап беруді бұйырды. Осы мерзімнен бір күн бұрын Стати жалған мәлімдемелерін ақтауға тырыспай, өтініштерін қайтарып алуға рұқсат сұрады, - делінген хабарламада.

Статидің сотта жалған мәлімдемелер беру, содан кейін сот шешімін күтудің орнына өз өтініштерін кері қайтарып алу бойынша мұндай әрекеттері –- олардың Қазақстан Республикасының беделіне нұқсан келтіру жөніндегі жалғасып жатқан кампанияның бөлігі. Стати Англиядағы сот процесінде де дәл осылай әрекет етті. Лондонда Қазақстан Республикасы Статидің негізгі төрелік шешімді алаяқтық жолымен алғанын дәлелдеген кезде, Стати жауап ретінде сотқа жүгінудің орнына, өздері бастаған процесті тоқтатып, одан бас тартты.

Әділет вице-министрі Алмат Мадалиев іске қатысты өз пікірін білдірді.

Қазақстанның дипломатиялық меншігіне тыйым салу туралы Статидің заңсыз әрекеті өтірікке негізделген деген Қазақстанның тұжырымдарын Вашингтонда өткен талқылауда Статидің өзінің жеңілісін мойындауы растайды. Бұл Статидің сотта жалған мәлімдемелер беру және БАҚ-ты адастыру бойынша жүргізілетін кампаниясы аясындағы белгілі әрекеті. Біз әділеттіліктің орнағанына қуаныштымыз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы