СҚО-да су кеткен аумақтар дезинфекцияланып жатыр

27 Сәуір 2024, 17:08
361
Бөлісу:
СҚО-да су кеткен аумақтар дезинфекцияланып жатыр
Фото: СҚО бойынша дезинфекциялық орталық

Биылғы көктем бұрынғыдан тосын келді. Еліміздің он өңірі тасқын судың астында қалап, төтенше жағдай жарияланды. Бірер күн бұрын Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынының екінші толқынының шыңы өтті. 

Қазір жағдай тұрақталды. Сергеев су қоймасындағы бөгеттен асқан су деңгейі 363 см жеткен болатын, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 298 см-ге тең. СҚО әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғау бөлімінің басшысы Серік Ғайсин осылай деп мәлімдеген еді.

Қала маңында судың сәл көтерілуі байқалады, бірақ ол қауіпті емес. Су деңгейі 2-4 см-ге көтеріледі, мұның бәрі тәулік бойы бақылауымызда. Бұдан былай үйлердің су басуына жол бермейміз, – деді спикер.

Су кеткен аумақтар дезинфекцияланып жатыр

Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан 3,5 мыңға жуық баспана су астында қалды. Қазіргі уақытта олардың 196-сынан су кетті. Осыған орай дезинфекциялық жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Ұлттық сараптама орталығы» РМК «Солтүстік Қазақстан облысы бойынша дезинфекция орталығы» филиалы директорының міндетін атқарушы Жұлдызбек Жамантаевтың айтуынша, орталық мамандары 22 сәуірден бастап бұл жұмысқа кірісіп кетті. Дезинфекцияны 4 маманнан құралған бригада атқарады. Қазіргі уақытта олар Тайынша ауданында жұмыс істеп жатыр. Бүгінге дейін мұндағы 21 үйдің 18-і зарарсыздандырылды.

Су басқан аумақты дезинфекциялаудағы мақсат – тұрғындардың арасында жұқпалы инфекциялық аурулардың таралуына жол бермеу. Сондықтан су басқан үйлер, олардың аумағы, аула, балалардың ойын алаңы, құдықтар мен ұғымалардың айналасы зарарсыздандырылады. Үйдің ішіне кіріп, міндетті түрде қабырғаларын, еден-есіктерін, ыдыс-аяқты, төсек-орынды, тіпті ойыншықтарға дейін өңдейміз. Соның ішінде жиһаздарды, қабырғалар мен едендерді сүртіп, не болмаса шашу арқылы дезинфекцияласақ, ыдыс-аяқ, ойыншықтар, көрпе-жастық тыстары, жамылғылар арнайы ерітіндіге салынады, - дейді Жұлдызбек Жамантаев.

Мамандар дезинфекция үшін құрамында хлоры бар кез келген - «Дезэконом», хлорамин, сульфохлорантин, Дезхлор, «ДП Алтай» сияқты препараттарды қолданады.

«Дезинфекциялық жұмыс су кеткен үйлерге жүргізіледі. Әзірге өңірде су тасқынының екінші толқыны жүріп жатыр. Сондықтан негізгі жұмыс алда», - дейді Жұлдызбек Жамантаев.

Қостанай саяжайлары қамыстан тазартылып жатыр

Жақында болған су тасқыны тұрғындар мен өңір экономикасына елеулі қиындықтар келтірді, десек те адамдар біртіндеп бұрынғы өміріне қайта оралуда, деп хабарлайды BAQ.KZ Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Учаскелеріне су тасқыны шайып әкелген қамыс пен басқа да тұрмыстық қоқысты тазартуда қостанайлық тұрғындарға қалалық коммуналдық қызмет мамандары көмекке келді.

Бүгінгі таңда саяжай аумағынан 1300 текше метрге жуық қоқыс шығарылды. Қалалық IKomek ахуал орталығына бау-бақша қоғамдарынан өтініштер үздіксіз түсуде. Тұрғындар саяжайлардан тасқын су шайып әкелген қамыс, құм мен ағаш сынықтарын шығаруға көмек беруді сұрайды.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасы бойынша су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың проблемаларын шешуге, соның ішінде бақша қоғамдарының аумақтарын тазартуға қосымша қаражат бөлінді.

Өңірде егіс науқанына дайындық жүріп жатыр

СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселелері бойынша кеңес өтті.

Биыл облыста 4,5 миллион гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Әртараптандыру аясында әлеуметтік маңызы бар дақыл – қарақұмық алқабы 26 мың гектарға дейін ұлғайтылады.

Көктемгі дала жұмыстарына 53 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. 256 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарлануда.

Өңір басшысы егіс науқаны оңтайлы агротехникалық мерзімде жүргізілуі керектігін баса айтты. Облыс әкімі тұқымдарды тексеру, минералды тыңайтқыштарды сатып алуға келісім-шарттар жасау, дизель отынын уақтылы жөнелту және жеткізу мәселесін ерекше бақылауға алу және техниканың 100 пайыз дайындығын қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды дер кезінде жүргізуді тапсырды.

СҚО-да 100 жаңа үй салына бастады

Вице-премьер Қанат Бозымбаев Солтүстік Қазақстан облысына барып, қалпына келтіру жұмыстарымен танысты, сонымен қатар жергілікті тұрғындармен кездесті.

Су тасқыны басталғалы облыста 3898 үйді су басқан. Саяжай аумағы айтарлықтай зардап шекті – 6597 учаске. Облыс әкімдігінің мәліметінше, су басқан тұрғын үйлердің 40%-ға жуығы одан әрі тұруға жарамсыз болуы мүмкін.

Үйсіз қалғандар уақытша жатақханаға орналастырылды. Вице-премьер эвакуацияланған азаматтармен кездесуде мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылық қолдау шараларын еске салды. Қазірдің өзінде 3383 отбасы 100 АЕК көлемінде бір реттік жәрдемақы алды.

Сондай-ақ облыс тұрғындарына KAZ Minerals, Kazakhmys Holding және Kaspi.kz компаниялары Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккендерге 60 млрд теңгеге дейін қаражат бөлгені, сондай-ақ қаражаттың негізінен Солтүстік Қазақстан облысына бағытталатыны туралы айтылды.

Солнечное-2 ауылында 100 үйдің құрылысы басталып кетті. Оған 10 мердігерлік ұйым жұмылдырылды. Жоба облыс әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоры арасында қол қойылған меморандум аясында бастау алды. Баспананы жаздың ортасына дейін аяқтауға мүмкіндік беретін қажетті инженерлік инфрақұрылым мен коммуникациялар бар.

Өзгелердің жаңалығы