Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының Кладбинка ауылында учаскелік полиция инспекторы Азат Әнуарбек өртеніп жатқан үйден 53 жастағы ауыл тұрғынын құтқарып қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға 13 маусымға қараған түні, шамамен 01:40-та болған. Патрульдеу кезінде полиция капитаны Азат Әнуарбек Мир көшесіндегі үйлердің бірінен шыққан өртті байқап, дереу оқиға орнына жүгіріп жеткен. Сол сәтте көршілер де өрт туралы қоңырау шала бастаған.
Полиция қызметкері үйдің төбесі мен кіреберіс есігінің отқа оранып жатқанын көреді. Ол бұл үйде ауыл тұрғыны жалғыз тұратынын білген. Өрттің арасынан көмек сұраған дауыс естіген Азат терезені сындырып, түтінге толы үйге кіріп, еденмен жылжып жүріп, түпкі бөлмеден үй иесіне жеткен, - делінген ақпаратта.
Сынған терезе арқылы оны сыртқа шығаруға тырысып жатқанда, көршілер көмекке келіп, полиция қызметкері мен зардап шегушіні қауіпсіз жерге алып шыққан. Құтқарылған тұрғынға медициналық көмек қажет болмаған.
Өрт сөндіру қызметі жедел жетіп, жалынды ауыздықтады. Тұрғын өз өмірін құтқарғаны үшін полиция инспекторына шын жүректен алғысын білдірді.