СҚО-да 36 тонна дизель тиелген жүк көлігі аударылды

СҚО-да 36 тонна дизель тиелген жүк көлігі аударылды
562

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында 36 тонна дизель отынын тиеген бензовоз жолда аударылып қалды, деп хабарлайды СҚО полиция департаменті.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы кеше 5 маусым күні сағат 16.20 шамасында Тайынша ауданы Аққұдық елді мекенінің маңында болған.

Ауылға бұрылысқа 10 шақырым жетпей «VOLVO» жүк көлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай қалып, машинаны аударып алған.

Оның жолдың шетіндегі жыраға түсіп кетуіне дөңгелегінің істен шығуы себеп болуы мүмкін.

Көлікті Нұр-Сұлтан қаласының 30 жастағы тұрғыны басқарған.

Ол Уәлиханов ауданы Кішкенекөлден астанаға 36 тонна дизель отынын апара жатқан екен.

Жол-көлік апаты жайында полицейлерге колоннада келе жатқан басқа жүргізушілер хабарлаған.


Фото: ашық дереккөз