Сотталған суретші қарттар үйіне өз шығармасын сыйлады

1 Қазан 2024, 19:30
328
Бөлісу:
Сотталған суретші қарттар үйіне өз шығармасын сыйлады

Қарағанды және Ұлытау облыстары ҚАЖ департаменті №29 түзету мекемесінің сотталушысы қарттар мен мүгедектер пансионатына өзінің шығармасын сыйлады, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

70 жастағы суретші Жақпар Амралин 8 жыл бұрын ауыл қылмысы үшін сотталған. Бүгінде түзету мекемесінде жазасын өтіп жатқан сотталушы шығармашылықпен айналысып, сурет салады.

Өзім де қартайдым, биыл 70-ке толамын. 2014 жылы мас күйімде досыммен жанжалдасып, қылмыс жасадым. Абайсызда адам өлтірдім. Бас бостандығынан айыру орнында өз қателігімді түсіндім. Ішкі дүниемдегі аласапыранды, сезімімді шығармашылықпен айналысып, сурет салу арқылы шығарамын. Қарттар күні қарсаңында жалғыздықта өмір сүріп жатқан жандарды қуантқым келді. Олардың тәжірибесі мен ерік-жігері үшін алғысымды жеткізіп, «Күн сәулесінің шұғыласы» картинамды сыйладым, - дейді сотталушы Амралин.

Қарағанды облысы Абай қаласындағы Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлері суретшінің шығармашылығын жоғары деңгейде бағалады.

Қарттар мен мүгедек жандарға деген құрметін өз шығармалары мен хаттары арқылы білдірген Жақпар Илиясұлының талантына бас иеміз.Қарияларға деген көзқарасы бізге қатты әсер етті. Оның шығармалары ықыласының шынайылығын дәлелдейді. Біздің пансионаттың барлық ұжымына жоғары көңіл-күй сыйлай білген Ж.Амралинді мекеме атынан «Алғыс хатпен» марапаттауды шештік, - дейді орталық директорының міндетін атқарушы А.Оразғалиева.

Суретші Ж.Амралиннің шығармалары бұған дейін де бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, мұражайларда ілінген. Түзету мекемесінің басшылығы психологиялық әдістер арқылы сотталушының өзін-өзі табуына мүмкіндік берілетіндігін айтады.

Өзгелердің жаңалығы