Сотталған балалар арасында шахматтан жарыс өтті

7 Қазан 2021, 15:58
4608
Бөлісу:
Сотталған балалар арасында шахматтан жарыс өтті

Алматы, BAQ.KZ. Алматы қаласының Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЛА-155/6 мекемесінде кәмелетке толмаған балалар арасында Алматы қаласы жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының ұйымдастыруымен шахмат турнирі өтті. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі хабарлады.

Карантин талаптарын сақтай отырып өткізілген шахмат жарысында бірінші орынды жазасын өтеуші жасөспірім А.Овсяников иеленді, екінші орынды Б.Шілдебай, үшінші орынды Д. Мубараков жеңіп алды.

Шахмат жарысының жеңімпаздары арнайы мақтау қағаздарымен марапатталып, оларға қосымша спорттық киімдер мен үстел тенисінің ракеткалары табысталды.

Жазалы балалар арасында турнир ұйымдастыруға Алматы қаласы жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры басшысының орынбасары Нұрсұлтан Тастанбек және жаттықтырушылар Арсен Лес, Азамат Алишев, Дәулет Иманберлинов белсене ат салысты. Олар турнир барысында сотталған балаларға шахмат ойынының шығуы туралы, шахматқа қатысты қызықты деректер мен бұл ойынның адамның ойлау жүйесін жетілдіруге тигізетін пайдасы жайлы әңгіме өткізді. Қор өкілдерінің әңгімесі жазалы балалардың шахмат ойнауға деген ынтасын арттыра түскені анық,-делінген хабарламада.

Қызықты ойын соңында сотталғандар арасындағы тәрбие бөлімінің бастығы әділет майоры А.Бәзілбаева келген қонақтарға мекеме басытығы атынан ризашылық алғыс білдіріп, Алғыс хаттармен марапаттады.

Өзгелердің жаңалығы