Сот жесір әйелдің тұрғын үйге кезегін қалпына келтірді

5 Қараша 2024, 11:23
270
Бөлісу:
Сот жесір әйелдің тұрғын үйге кезегін қалпына келтірді
Фото: Артём Чурсинов - архив

Сот жесір әйелдің, яғни екі жасөспірімнің анасының тұрғын үйге кезегін қалпына келтірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жоғарғы соттың мәліметінше, ерлі-зайыптылар 2009 жылдан бері некеде тұрған, осы некеден кәмелетке толмаған екі баласы бар. 2016 жылдың наурыз айында күйеуі қайтыс болған. 2016 жылдың қазан айынан бастап әйелі «толық емес отбасы» санаты бойынша тұрғын үйге кезекте тұрған.

Ақтау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі түгендеу жұмыстарын жүргізу кезінде талап қоюшының меншік құқығында оның атына тіркелген пәтері барын анықтаған. Сондықтан 2024 жылдың тамыз айындағы бұйрық негізінде жесір әйел тіркеуден шығарылған, - делінген хабарламада.

Ол бұл шешімге шағымданып, Маңғыстау облысы бойынша МАӘС-на ТКШ бөлімінің әрекетін заңсыз деп танып, тұрғын үй кезегін қалпына келтіруді талап еткен.

Сотта анықталғандай, 2017 жылдың маусым айында әйел қайтыс болған анасына тиесілі Ақтау қаласындағы жалпы ауданы 34,9 шаршы метр, тұрғын ауданы 17,7 шаршы метр бір бөлмелі пәтерді мұраға алған.

Істі қарау нәтижелері бойынша сот келесі негіздер бойынша талап қоюды қанағаттандырды:

- «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның нормаларына сәйкес жергілікті атқарушы орган бір адамға пайдалануға кемінде 15 шаршы метр және 18 ш.м-ден аспайтын жарамды алаңы бар тұрғын үй ұсынады, ал жесір әйелге мұраға қалған 1 бөлмелі пәтер белгіленген нормаларға сәйкес келмейді;

- Заңның 73-бабына сәйкес, белгіленген тәртіпте тұрғын үйге мұқтаж деп танылған және оны алғанға дейін есепте тұрған толық емес отбасылар есептен шығаруға жатпайды.

Осылайша, заң бойынша жесір әйелді тіркеуден шығаруға болмайды. Сот Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тарапынан қолданыстағы заңнама талаптарының бұзу фактісі бойынша қалалық әкімдік атына жеке ұйғарым шығарды, - деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Өзгелердің жаңалығы