Сот Біртановтың үйқамағын ұзартты

6 Мамыр 2021, 15:11
1573
Бөлісу:
Сот Біртановтың үйқамағын ұзартты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімі 2021 жылдың 14 маусымына дейін ұзартылды.

Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 55, 56, 146, 151, 152-баптарын басшылыққа ала отырып, сот күдікті Біртановқа қатысты үй қамауының мерзімін 8 айға дейін ұзарту туралы өтінішті ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдады. Біртановқа қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасының мерзімі 2021 жылғы 14 мамырдан бастап 2021 жылғы 14 маусымға дейін қоса алғанда 8 айға дейін ұзартылсын, - деді судья Айбек Әбу сотта.
Судья медициналық ұйымдарға баруды қоспағанда, үйқамақ шарттарын өзгерту бөлігінде тұрғын үйден шығуға толық тыйым салынатынын айтты.
Біртанов жұмысқа орналасуға құқылы, бұл жақын туыстарымен ғана емес, басқа адамдармен де қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді, - деді судья.
Сонымен қатар сот күдікті Біртановтың шетелде жылжымайтын мүлкі немесе жақын туыстарының шетелде тұруға ықтиярхаты болуы мүмкін деген өтініштің дәлелдерін қауқарсыз деп таныды.

Айта кетейік, тергеу соты кеше Zoom платформасында онлайн форматта басталып, бүгін жалғасты.

Сотта бұрынғы Денсаулық сақтау министрі сыбайлас жемқорлыққа қатысы жоқ екенін мәлімдеген болатын.

Еске салсақ, бұған дейін судья Елжан Біртановқа қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шаралары 2021 жылдың 14 мамырына дейін ұзартылғанын хабарлаған болатын. Атап айтқанда, таңғы 8-ден кешкі 7-ге дейін сыртқа шығуға рұқсат етілді.

2020 жылдың 3 қарашасында Қаржы мониторингі комитеті Біртановтың қамауға алынғандығы туралы хабарлаған болатын. Экс-министрге бюджеттік қаражатты аса ірі көлемде ысырап етті деген күдік келтірілген еді.

Елжан Біртанов Денсаулық сақтау министрі қызметінен 2020 жылы 25 маусымда босатылды. Ол өзі пневмонияның асқынуына және емдеу қажеттілігіне байланысты жұмыстан кету туралы өтініш жазған.

Өзгелердің жаңалығы