"Сөмкем 10 келіге жетеді". Күніне 4 мың хат жеткізетін пошташының бір күні

13 Маусым 2023, 19:04
887
Бөлісу:
"Сөмкем 10 келіге жетеді". Күніне 4 мың хат жеткізетін пошташының бір күні
PHOTO
Фото: автордан

Алматыда пошта маркаларының мұражайы бар екенін білесіз бе? Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастырған баспасөз турында «Қазпошта» бөлімшесінің қызметімен танысып, филателия бөлімін араладық, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі. 

Біз барған бөлімшеде 29 пошташы жұмыс істейді. Қызметкерлердің жалпы саны 50-ден асады. 

"Сөмкем 10 келіге жетеді". Күніне 4 мың хат жеткізетін пошташының бір күні

Бізде жұмыс таңғы алтыда басталады. Жүк көліктеріне тиелген хаттар мен сәлемдемелер түсіріледі. Қораптар мен хаттарды алдымен өлшеп аламыз. Келген заттардың санын арнайы журналға тіркеп аламыз. Әрі қарай сұрыптаушылар өз жұмысына кіріседі. Газет-журналдарды, түбіртектерді, сәлемдемелерді сұрыптап, ретке келтіреміз. Бұдан әрі сәлемдеменің мекенжайы анықталып, сол учаскеге жауапты пошташыға табысталады. Бұл жұмыстың барлығы таңғы сағат 07:00-ге дейін аяқталуы қажет. Себебі әрі қарай пошташылар өз жұмысына кірісіп, әр мекенжайға газет-журналды таратады. Күніне орта есеппен бізге 4000-дай хат түседі, өйткені біздің филиалымыз қаладағы ең үлкені болып есептеледі. Жай күндері орташа есеппен 2500-нан астам хаттар мен сәлемдеме келеді. Ал мереке күндері олардың саны еселеп артады: шамамен 8 мыңға жуық хат келеді. Сол себепті біз демалыстан кейін 2-3 күн демаламыз, – дейді Алматы пошта директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Надежда Забурина.

"Сөмкем 10 келіге жетеді". Күніне 4 мың хат жеткізетін пошташының бір күні

Мұндағы қызметшілердің ең кішісі - 19 жаста, ал ең үлкені - 63-те. Мамандардың пікірінше, бұл жұмысты бір аптаның ішінде меңгеріп алуға болады. Тәлімгерлер жаңадан бастағандарға бар білгендерін үйретіп, тәжірибе жинауына септігін тигізеді. 

Жұмыс өте қызықты әрі көңілді. Жас мамандарды қуана қарсы алып, бар білгенімізбен бөлісеміз. Қарап отырсам, пошташы қызметін атқарып келе жатқаныма 10 жылдан астам уақыт өтіпті. Жұмысым өзіме ұнайды. Күніге 16 шақырым жол жүреміз. Бұл, бір жағынан, денсаулыққа да пайдалы. Пошташы болу арнайы білімді қажет етпейді. Мәселен, бізде ауылшаруашылық маманы, мұғалім, медбикенің оқуын бітірген адамдарды кездестіре аласыз. Барлығы өте көңілді, жігерлі жандар. Әрқайсымыздың белгіленген аймақтарымыз бар. Сол жерлерді толық қамтуға тырысамыз. Бір күнде хат алмасуға байланысты аралап шығатын нысандар саны 10-нан 30-ға дейін жетеді. Маған Тимирязев-Желтоқсан көшелерінің қиылысынан Байтұрсынов-Ғабдулин көшелерінің қиылысына дейінгі учаске белгіленген. Жұмыс көлеміне қарай 120-350 мың көлемінде жалақы аламыз, – дейді тәжірибелі пошташы Абдулла Халықов.

"Сөмкем 10 келіге жетеді". Күніне 4 мың хат жеткізетін пошташының бір күні

Пошта қызметкерлері хаттағы мекенжайды жазарда ұқыптылық танытуды өтінеді. Себебі мекенжай дұрыс болмаса, аты-жөндерімен іздестіруге тура келетінін атап өтті. 

Бізге келген хаттардың кейбірінің мекенжайы дұрыс жазылмайды. Аты-жөндерімен іздестіруге тура келеді. Қайдан, қайда келгені белгісіз хаттар келсе, көрсетілген телефон нөміріне хабарласып немесе карта арқылы анықтаймыз. Пошташы дер кезінде хатты жеткізгенін қаласаңыздар, хатты толтырар кезде ұқыптылық танытқандарыңыз жөн. Айта кетерлігі, пошташының сөмкесінің салмағы 10 келіге дейін жетеді. Егер нормадан асып кетсе, қалған хат-хабарлар пошташының маршруты бойынша учаске бойында орнатылған тірек жәшіктеріне жіберіледі, – дейді Абдулла Халықов.

"Сөмкем 10 келіге жетеді". Күніне 4 мың хат жеткізетін пошташының бір күні

Бұдан әрі конверттер мен маркалар сақталған мұражайды араладық. 

"Сөмкем 10 келіге жетеді". Күніне 4 мың хат жеткізетін пошташының бір күні

Мұнда елімізде сирек кездесетін, сұранысқа ие, ең қымбат маркаларды көруге болады. 

Мұражайға филателистер клубы жиналады. Коллекционерлер маркалардың дизайнын, сұранысқа ие болуын, т.б. дүниелерді талқылайды. Біздің мұражайда сирек кездесетін құнды марка бар. Ол – 2001 жылы Рим папасының президентпен түскен суреті бейнеленген жалғыз әр құнды марка. Оның бағасы – 5000 теңге. Негізінде, маркалардың бағасы 20 теңгеден басталып, 5000 теңге дейін барады. Бірақ біз бұл маркаларды сатпаймыз. Сирек кездесетін маркаларды тек коллекционерлерден сатып алуға болады. Қазақстанда 1991 жылдан бері 1860 марка шығарылды. Олардың әдеттегі бағасы 5-10 теңгеден басталады, – дейді филателия бөлімінің жетекшісі Ербол Мұрат.

"Сөмкем 10 келіге жетеді". Күніне 4 мың хат жеткізетін пошташының бір күні

Еске сала кетейік, пошташылардың арнайы кімдерін мекеме қамтамасыз етеді. Тіпті, арнайы аяқ киімдер де тігіледі. 

"Сөмкем 10 келіге жетеді". Күніне 4 мың хат жеткізетін пошташының бір күні

Статистикаға сүйенсек, қалалық пошта бөлімшесінде 877 қызметкер бар. Оның ішінде штат бойынша 65 пошташы, ал қызмет көрсету шарты бойынша 164 пошташы қызмет етеді.

Өзгелердің жаңалығы