Соғыс, сайлау және спорт: Әлем жаңалықтарына апталық шолу

2 Ақпан 2024, 21:21
1798
Бөлісу:
Соғыс, сайлау және спорт: Әлем жаңалықтарына апталық шолу
Фото: pixabay.com

Жаңа басталған ақпан айы әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан оқиғаларға толы болды. Әзірге дүниежүзі бойынша жарылған бомбаның үні тыйылар емес, ал көптеген елде сайлау науқаны басталып кетті. Бір жерде адам миына арнайы чип орнатып жатса, екі құрлықта футболдан кім мықтыны анықтап жатыр. BAQ.KZ тілшісі осы және өзге де оқиғаларға шлоу жасап көрді.

Соғыс пен қақтығыс толастар емес...

Израильдің Газа секторын бомбалап жатқанына 3 айдан асты. Осы аптада Израиль тарапы соғысты тоқтатуға келісті, ХАМАС қозғалысы да бұл ұсынысты мақұлдады.

Келісім бойынша бірінші кезеңде анклавтағы соғысты 35 күнге тоқтату үшін 35 әйелді, ауру, жаралы және қарт тұтқындарды босату қарастырылған. Содан кейін азаматтық қорғаныс қызметкерлері, жас жігіттер екінші кезеңде босатылады. Бұл үшін келісім тағы бір аптаға ұзартылуы керек.

Ал Израиль айырбастау үшін босатылуы тиіс палестиналық тұтқындардың санын әлі айтқан жоқ. Бұл мәселеде Израиль мемлекетін олардың саны емес, сапасы көбірек қызықтыратыны айтылады. Себебі Тель-Авив қандықол қылмыскерлерге қарағанда жеңіл айыппен сотталған тұтқындарды босатуды қалайды. Ал ХАМАС ауыр қылмыс жасағандарды ауыстыруды талап етіп отыр.

Айта кетейік, осыған дейін АҚШ өкілдерінің Газа секторындағы қақтығысты шешу үшін атысты алты аптаға тоқтатуды талап етіп отырғаны хабарланған болатын.

Ал Ресей мен Украина 1 ай уақыт өтпен тағы да әскери тұтқын алмасты. Ресейдің қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 31 қаңтарда келіссөздер нәтижесінде 195 ресейлік әскери қызметші қайтарылды, оның орнына Украинаның дәл осындай 195 әскери тұтқын жіберілді.

Айта кетейік, биыл 3 қаңтарда да тұтқындар алмастырылған. Бұл күні Мәскеу мен Киев 200-ден астам адам алмастырылған: 248 адам Ресейге, 230 адам Украинаға оралды. Бұл соғыс кезіндегі ең үлкен тұтқын алмасу болды.

Сондай-ақ қақтығыс пен шиеленіске Иран, Сирия, Солтүстік Корея сияқты елдер араласып, Йеменде хуситтер шетелдік кемелерге зымыран ұшырып жатыр. Осы және өзге де қақтығыстар туралы біз бұған дейін жан-жақты жазған едік. 

Соғыс, сайлау және спорт: Әлем жаңалықтарына апталық шолу

Сайлау өтеді...

Осы аптада Ресей Федерациясының Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) РФ президенттігіне өзін-өзі ұсынған кандидат, қазіргі мемлекет басшысы Владимир Путинді ресми түрде тіркеді.

Путин президенттік сайлауда тіркелген төртінші кандидат болды. Бұған дейін ОСК үш парламенттік партияның өкілдері – Леонид Слуцкий (ЛДПР), Владислав Даванков («Новые люди») және Николай Харитоновты (КПРФ) тіркеген болатын.

Путин үшін алдағы сайлау саяси мансабындағы бесінші сайлау болады, оған дейін ол төрт рет мемлекет басшысы болып сайланған (2000, 2004, 2012, 2018). Ең жақсы нәтиже 2018 жылы көрсетілді, ол кезде Путин сайлаушылардың 76,69% дауысын жинады.

Ал Малайзияның Джохор штатының сұлтаны Ибрагим ресми түрде елдің 17-ші патшасы атанды. Сәрсенбі күні ол ұлттық сарайда өткен рәсімде ант берді. 65 жастағы Ибрагим бұл қызметке Абдолла Риайятуддин Әл-Мұстафаның орнына келді. Бұрынғы король қайтадан өзінің Паханг штатын басқарады.

Елдегі монархияның бірегей жүйесінің аясында Малайзиядағы корольдік 9 отбасының басшылары әрбір 5 жыл сайын кезекпен патша болып сайланатынын айта кетейік.

Осы тұста Грузияда жаңа премьер-министр болатынын айта кетейік. Бұған дейін экс-премьер-министр Ираклий Гарибашвили биліктегі «Грузин арманы» партиясын сайлау алдындағы кезеңде басқару ұсынысына байланысты отставкаға кететінін мәлімдеген еді.

Ал Әзербайжан 7 ақпанда өтетін кезектен тыс президент сайлауына дайындалып жатыр. Елдің Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) елде өтетін кезектен тыс президент сайлауына 86 490 бақылаушыны тіркеді. Ровзат Гасымовтың айтуынша, олардың арасында 790 халықаралық байқаушы бар.

Соғыс, сайлау және спорт: Әлем жаңалықтарына апталық шолу

Спорт

Қазір футбол сүйер қауымның назары Африка мен Азияда. Мәселен Африка ұлттары кубогының 1/8 финал аяқталып, ширек финалдың барлық қатысушысы анықталды. Олар:

Нигерия — Ангола;

Кабо-Верде — ОАР;

Мали — Кот-д’Ивуар;

Конго ДР — Гвинея.

Естеріңізге сала кетеік, бұған дейін Африка ұлттар кубогы 2022 жылы өтті. Сол кезде финалда Мысырды ұтқан Сенегал турнир жеңімпазы атанған.

2024 жылғы Африка кубогы 13 қаңтар мен 11 ақпан аралығында Кот-д’Ивуарда өтіп жатыр.

Сондай-ақ Катарда өтіп жатқан футболдан Азия кубогының ширек финалына шыққан барлық құрама анықталды.

Футбол додасының келесі кезеңіне 8 команда жолдама алды. Олардың қатарында Аустралия, Иран, Тәжікстан, Жапония, Катар, Оңтүстік Корея, Өзбекстан және Иордания бар.

Енді 1/4 финалда келесі жұптар ойнайды:

Аустралия — Оңтүстік Корея;

Тәжікстан — Иордания;

Иран — Жапония;

Катар — Өзбекстан.

Айта кетейік, Азия құрлығының футбол додасы 12 қаңтарда басталды және 10 ақпанға дейін жалғасады. Соңғы рет Азия кубогын 2019 жылы Қатар құрамасы жеңіп алды. Финалда Қатар командасы Жапонияны 3:1 есебімен ұтқан еді.

Соғыс, сайлау және спорт: Әлем жаңалықтарына апталық шолу

Алғаш рет...

Әлемдегі ең бай әрі тынымсыз кәсіпкердің бірі Илон Масктың Neuralink нейротехнологиялық компаниясы алғаш рет адам миына имплант салды.

Neuralink импланты бірінші рет адам миына салынды, оның қалпына келуі [отадан соң] жақсы жүріп жатыр, - деп жазды Маск.

Кәсіпкердің атап өтуінше, Neuralink компаниясының алғашқы өнімі Telepathy деп аталады. Бұл чип мүмкіндігі шектеулі адамдардың телефон мен компьютерді ой күшімен басқаруына мүмкіндік береді.

Оның айтуынша, аталмыш құрылғының көмегімен мүмкіндігі шектеулі адамдар өз ойын тез жеткізе алатын болады.

Стивен Хокингтің жылдам мәтін теруші құрылғыдан да тез сөйлегенін елестетіп көріңізші. Керемет емес пе?! Біз осы мақсатқа жетуді көздейміз, - деп жазды миллиардер.

Кәсіпкердің пікірінше, мұндай нейроинтерфейстер адамға жасанды интеллектіге қарсы тұруға қабілетті киборгқа айналуға мүмкіндік береді, сонымен қатар ой күшін пайдаланып компьютерді тікелей басқаруды үйренуге көмектеседі.

Әлемдегі ең үлкен круиз кемесі Icon of the Seas Флоридадағы Майами портынан Кариб аралдарына алғашқы 7 күндік саяхатына шықты.

Кеме 365 метр ұзындығымен рекорд жаңартты. Салыстыру үшін айтар болсақ, аты аңызға айналған Титаник бұл кемеден 100 метрге қысқа (269 м), ал АҚШ Әскери-теңіз күштерінің ең ірі ұшақ тасымалдағышы Gerald R.Ford ұзындығы - 333 метр.

Кеме 7 600 жолаушыны қабылдай алады. Онда 40-тан астам мейрамхана, кафе мен барлары бар 20 палуба қарастырылған. Сондай-ақ тропикалық өсімдіктері бар шағын саябақ, театр, караоке, теннис және волейбол алаңдары, балаларға арналған аттракциондар мен аквапарк бар.

АҚШ-тың Алабама штатында алғаш рет сотталған адамды азотпен тұншықтыру арқылы өлім жазасына кесті. 1988 жылғы әйел адамды өлтіргені үшін сотталған Кеннет Юджин Смит өзіне тағылған үкімге 3 рет шағымданды, бірақ үшеуі де қабылданбады.

Процедура жергілікті уақыт бойынша 19:56-да басталып, 29 минуттан кейін дәрігерлер Смиттің қайтыс болғанын хабарлады. Оған кигізілген маска арқылы денесіне азот жіберіліп, ол өкпеге өткен кезде оттегі ығысып, соңы гипоксия мен өлімге ұласады.

Куәгерлердің айтуынша, өлім жазасы басталғаннан кейін Смит бірнеше минут бойы ес-түссіз болған. Өлім жазасына бес БАҚ өкілі куәгер болды. Жазаға кесілмес бұрын Смитке отбасы мүшелері, достары, дін өкілі мен адвокаты келген.

Өткен аптада БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары азотпен тұншықтырып өлтіру - халықаралық құқық бойынша азаптау мен қатыгездікке тең болуы мүмкін екенін айтып, өлім жазасын тоқтатуға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы