Иран мен хуситтер, Газа мен Украина: Әлем бойынша қанды қақтығыстар шиеленісіп барады

26 Қаңтар 2024, 21:01
3982
Бөлісу:
Иран мен хуситтер, Газа мен Украина: Әлем бойынша қанды қақтығыстар шиеленісіп барады
Фото: pixabay.com

Қазір дүниежүзі бойынша жағдай теңселіп тұрғандай, кей аймақтарда бейбіт заман, ашық аспан келмеске кетті. Әлемнің түкпір-түкпірінде шиеленіс күшейіп, күн сайын жаңа қақтығыстар болып жатыр. Осы орайда BAQ.KZ тілшісі жаһандық ахуалға шолу жасап, аптаны қорытындылап көрді.

Украинадағы жағдай

Украинадағы қазіргі жағдай Эрих Мария Ремарктің атақты «Батыс майданда өзгеріс жоқ» романындағы ахуалды еске салады. Бір жақ берілместей қорғанып жатыр, екінші жақтың жаппай шабуылға шығуға қауқары болмай тұр. Осыған қоса ауа райы да өз әсерін тигізіп жатыр. Екі тарап бірнеше метр алға жылжып, бірнеше күннен кейін қайта шегініп ұрыс даласында тұрып қалды.

Содан болар қақтығыстың зардабын екі елдің қалалары мен бейбіт тұрғындары көріп жатыр. Екі тарап әскері дрон ұшырып, бір-бірін зымыранмен атықалап жатыр.

Осы тұста Еуропа Одағының шенеуніктері Украинаға ондаған млрд доллар көлемінде әскери көмек көрсетудің қамына кіріскенін айта кетейік. Мәселен алдағы 4 жыл ішінде, яғни 2024-2027 жылдары жыл сайын 5 млрд еуро (жалпы 20 млрд еуро) бөлінетін жаңа қор арқылы жүзеге асырылмақ.

Иран мен хуситтер, Газа мен Украина: Әлем бойынша қанды қақтығыстар шиеленісіп барады

Франция Қарулы күштерінің министрі Себастьян Лекорну жаңа әуе бомбаларынан басқа, Украина армиясы үшін 78 дана 155 мм CAESAR дөңгелекті артиллериялық қондырғылардың өндірісін жариялады. Айта кетейік, бұған дейін франциялықтар Украинаға шамамен 36 CAESAR берген еді. Ал Даниядан Tatra T815 шассиінде тағы 19 қондырғы жеткізілген болатын.

Сондай-ақ Ұлыбритания Германияға қанатты зымырандарын айырбастауды ұсынды. Киев Берлиннің «Taurus» зымырандарын жеткізуді талап етіп отыр. Бірақ Германия үкіметі бұл қақтығыстың халықаралық деңгейде өршуіне себеп болуы мүмкін деген оймен тартынып отыр.

Дегенмен Ұлыбритания үкіметі бірнеше апта бұрын Берлиннен «Taurus» қанатты зымырандарын сатып алуды және өзінің Storm Shadow зымырандарын Украинаға жеткізуді ұсынғанын хабарлады. «Taurus» қанатты зымыраны Украинаға жіберіліп жатқан Storm Shadow/SCALP-EG зымыранының аналогы болып саналады.

Иран мен хуситтер, Газа мен Украина: Әлем бойынша қанды қақтығыстар шиеленісіп барады

Газа секторы

Газа секторында қаза тапқан палестиналықтардың саны артып келеді. Рафах қаласындағы мешіттердің біріне жасалған шабуылдан 5 адам, ал Хан-Юнис қаласындағы БҰҰ оқу орталығында 9 адам қаза тапты.

Газаның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, Израильдің шабуылынан бүгінге дейін кем дегенде 25 700 палестиналық қаза тапты.

Біріккен Ұлттар Ұйымының палестиналық босқындарға көмек көрсету бойынша Таяу Шығыстағы агенттігі өздеріне тиесілі оқу орталығына Израиль әскері шабуыл жасап, 9 адам қаза тапқанын және 75 адам жараланғанын мәлімдеді.

Ал Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяху өз елінің қауіпсіздігіне қатысты ешқандай келісімге келмейтінін мәлімдеді. Ол ХАМАС жойылғаннан кейін Газа секторы Израильдің бақылауында болатынын атап өтті.

Израиль көшбасшысы АҚШ президенті Джо Байденнің жоспарымен келіспейтінін айтты. Ал Байденнің айтуынша, екі тәуелсіз мемлекет, яғни Израиль мен Палестина болған кезде Таяу Шығыста қақтығыстар тоқтап, жағдай реттеледі.

Мен Иордан өзенінің батысындағы бүкіл аумақ бойынша келісімге келмеймін. Израильдің қауіпсіздігі үшін бұл жер біздің толық бақылауда болуы керек, ал бұл Палестина мемлекетінің құрылуына қайшы келеді, - деп мәлімдеді ол.

Айта кетейік, осы аймақтағы жақын жерге өзінің бітімгерлік әскерін Қазақстан да жіберетін болды. 

Иран мен хуситтер, Газа мен Украина: Әлем бойынша қанды қақтығыстар шиеленісіп барады

Иран және хуситтер

Пәкістан мен Иран осы аптада әуе шабуылдарымен алмасып, нысанаға содырларды алғанын мәлімдеді. Пәкістан Иранды «өзара сенім рухы негізінде», бір-бірінің аумақтық тұтастығы мен егемендігін құрметтеуге шақырды. Бұл туралы Пәкістан СІМ екі елдің министрлері Джалил Аббас Джилани мен Хосейн Амир Абдоллахиянның телефон арқылы сөйлесуінің қорытындысы бойынша хабарлады.

Әңгіме барысында министрлер деэскалация туралы келісіп, терроризмге қарсы күресте және «өзара қызығушылық тудыратын басқа аспектілерде» ынтымақтастықты нығайту қажеттілігімен келісті. Олар сондай-ақ бұрын шақырылған елшілердің оралуын талқылады.

Айта кетейік, 16 қаңтарда Иран Ислам революциясының қамқоршылар корпусы Пәкістан аумағына әуе шабуылын жасады. Иранның мәлімдемесі бойынша олар Систан және Белуджистан провинцияларындағы сепаратистерді қолдайтын «Джейш әл-Адль» («Әділет Армиясы») ұйымның нысандарын атқылады.

Исламабад Тегеранның әрекетін айыптап, соққылар салдарынан екі бала қаза тауып, тағы үшеуі жараланғанын хабарлады. Содан кейін Ираннан өз елшісін қайтарып алды.

Екі күннен кейін Пәкістан Иран провинциясында «террористердің жасырынған жерлеріне» соққы берді және «бірнеше содырдың» көзін жойғанын мәлімдеді. Сонымен қатар бүкіл әскерін жауынгерлік дайындыққа шақырды. Шабуылға қарамастан, Исламабад Иран егемендігін құрметтейтінін мәлімдеді.

Шабуыл салдарынан Иран үш әйел мен төрт баланың қаза тапқаны туралы хабарланды. Тегеран СІМ-ге көрші елдің уақытша сенімді өкілін шақырды.

Дәл осы кезде Қызыл теңіздегі жағдай да ушығып тұр. Себебі америкалық әскерилер хуситтердің нысандарына тағы да зымыранмен соққы жасады.

Зымыран соққысы АҚШ хуситтерді жаһандық террористер тізіміне қайтарғаны туралы ресми хабарландырудан кейін болды. Ресми тағайындаумен бірге жүретін санкциялар экстремистік топтарды қаржыландыру көздерінен айыруға арналған.

Санкциялар мен әскери соққыларға, соның ішінде жұмада Йемендегі 60-тан аса нысанаға тиген американдық және британдық әскери кемелер мен ұшақтар жүргізген ауқымды операцияға қарамастан, хуситтер коммерциялық және әскери кемелерге шабуылдауды жалғастыруда.

Соңғы рет сәрсенбіде хуситтер бақылайтын аумақтан дрондар ұшырылып, Аден шығанағындағы Маршалл аралдары туының астында АҚШ-қа тиесілі Genco Picardy кемесіне соққы жасады.

Иран мен хуситтер, Газа мен Украина: Әлем бойынша қанды қақтығыстар шиеленісіп барады

НАТО жаттығулары

Әлемде болып жатқан осындай жағдайға жауап ретінде болса керек, НАТО өз тарихындағы ең ауқымды жатығулардың бірін бастап кетті. Steadfast Defender («Мықты қорғаушы») деп аталатын жиындар 90 мың жеке құрам және 31 елдің қатысуымен өтеді.

НАТО-ның Еуропадағы біріккен күштерінің Бас қолбасшысы Кристофер Каволидің айтуынша, Солтүстік Атлантикалық альянстың бұл жаттығулары 2024 жылдың мамырына дейін жалғасады.

Ресей СІМ басшысының орынбасары Александр Грушконың айтуынша, бұл жаттығулар Батыстың Ресейге қарсы бағытталған гибридті соғысының тағы бір элементі.

Осындай көлемдегі жаттығулар НАТО-ның қырғи-қабақ соғысты қамтамасыз ету схемаларына түпкілікті және қайтарымсыз оралуын білдіреді. Себебі әскери жоспарлау процесі, ресурстар мен инфрақұрылым тікелей Ресейге қарсы бағытталған, - деді Грушко.

Осы тұста Словакия Премьер-министрі Роберт Фицо Украинаның НАТО-ға кіруіне жол бермеуге уәде берді. Словакия үкіметінің басшысы Украинаға ешқандай қару-жарақ бермей, тек гуманитарлық және азматтық көмекпен шектелетінін жеткізді.

Сондай-ақ осы аптада бірнеше жылға созылған мәселе шешімін тапты. Түркияның ұлттық жиналысы (Парламенті) Швецияның НАТО-ға кіру туралы өтінішін ратификациялады.

Швецияның бұл өтінімін әлі мақұлдамаған жалғыз ел – Венгрия. Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан НАТО-ға кіру мәселесін талқылау үшін өзінің швециялық әріптесі Ульф Кристерссонды шақырды. Алайда Швецияның сыртқы істер министрлігі Венгриямен келіссөздер жүргізетін ешқандай тақырып жоқ деген жауап берді.

Айта кетейік, Швеция НАТО-ға кіруге өтінішті 2022 жылы Украинадғы жағдай басталған кезде берген. Онымен бірге Финляндия да өтініш берген. Фин елі 2023 жылдың сәуірінде НАТО-ның құрамына енді. Альянсқа мүше болу үшін НАТО-ның барлық мүшесі рұқсат беруі тиіс.

Айта кетейік, НАТО – Еуропаның көптеген елдерін, оның ішінде Түркия, АҚШ және Канада елдерін біріктіретін әскери-саяси блок. Ол 1949 жылы Еуропа кеңестігін қауіптен қорғау мақсатында құрылған.

НАТО мүшелері: Бельгия, Дания, Ұлыбритания, Исландия, Италия, Канада, Люксембург, Нидерланд, Норвегия, Португалия, АҚШ, Франция, Грекия, Түркия, Германия, Испания, Венгрия, Польша, Чехия, Болгария, Латвия, Литва, Румыния, Словакия, Словения, Эстония, Албания, Хорватия, Черногория, Солтүстік Македония және Финляндия.

Иран мен хуситтер, Газа мен Украина: Әлем бойынша қанды қақтығыстар шиеленісіп барады

Солтүстік Корея

Солтүстік Корея жаңа стратегиялық қанатты зымыранын сынақтан өткізгенін мәлімдеді. «Пулхвасал-3-31» деп аталатын зымыранның ұшырылымы көрші елдердің қауіпсіздігіне әсер етпейді, сынақ сонымен қатар елдің қару-жарақ жүйесін жаңарту процесінің бір бөлігі болып есептеледі.

Оңтүстік Кореяның біріккен штаб бастықтарының хабарлауынша, бұл сынақ қолданыстағы зымырандардың мүмкіндігін тексеру үшін жүргізілді. Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрі Син Вон Сик бұл сынақты өз еліне үлкен қауіп төндіретінін айтып айыптады.

Айта кетейік, жуырда Солтүстік Корея кезекті баллистикалық зымыранын сынақтан өткізген болатын. Сынақ барысында гипердыбыстық оқтұмсықтың маневрлік өнімділігі және көп сатылы қатты отын қозғалтқыштарының сенімділігі тексерілді.

Бұл – Солтүстік Кореяның биылғы алғашқы баллистикалық зымыранын ұшыруы. Соңғы рет сынақ 18 желтоқсанда жасалды. Ол кезде Оңтүстік Корея әскерилерінің пікірінше, Хвасон-18 типті қатты отынды қозғалтқыштары бар құрлықаралық баллистикалық зымыран сыналды, оның ұшу траекториясы АҚШ аумағындағы кез келген нүктеге жете алады.

Соңғы апталарда Корей түбегіндегі шиеленіс күшейе түсті. Қаңтар айының басында КХДР Оңтүстік Корея аралдарына қарай 200-ден астам снаряд атты. Бұған жауап ретінде Оңтүстік Кореяның қарулы күштері жауынгерлік жаттығулар өткізді.

Өзгелердің жаңалығы