Смайылов контрафактіге қарсы күресте халықаралық тәжірибені енгізуге шақырды

27 Тамыз 2021, 21:38
2370
Бөлісу:
Смайылов контрафактіге қарсы күресте халықаралық тәжірибені енгізуге шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Контрафакт өнімдерімен күресте халықаралық тәжірибені белсенді түрде енгізу қажет. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов «Антиконтрафакт-2021» форумына қатысушыларды осылай үндеді.

Жиынды Еуразиялық экономикалық комиссия, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Халықаралық контрафактілік ассоциация ұйымдастырды. 

«Антиконтрафакт-2021» халықаралық форумы Қазақстан астанасында Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарының, ведомстволары мен ұйымдарының, бизнес-қауымдастығының, шығармашылық индустрияның, нарық алаңдарының, сондай-ақ халықаралық сарапшылар мен авторлық құқық иелері өкілдерінің басын қосты.

Бағдарлама бойынша өнеркәсіп өнімдерінің заңсыз айналымы, контрафактілік және жалған тауарларды қазақстандық нарықта, жалпы ЕАЭО нарығында тарату мәселелеріне арналған 10 пікірталас сессиясы ұйымдастырылды. 

Контрафактілік өнімдердің әр түрлі аспектілерінің проблемалары: интернетте зияткерлік меншік құқығын қорғау, фармацевтика өнеркәсібі, сертификаттау, таңбалау және т. б. мәселелерді талқылау ерекше орын алды. 

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов өз сөзінде қазіргі таңда контрафактілік өнімдерді тарату үрдісі байқалып отырғанын, оның ішінде жоғары технологиялық өндірістерде бар екенін атап өтті. 

Контрафактілі өнімдер мультипликативті әсер етеді. Бұл кәсіпкерлердің қаржылық шығындары, меншік иелерінің зияткерлік құқықтары құнының төмендеуі, өнім сапасының нашарлауы және бірінші кезекте халықтың денсаулығына қауіп, — деді Ә. Смайылов. 

Ол бұл мәселенің шешімін халықаралық ынтымақтастық пен осы саладағы тәжірибе алмасудан көреді. Осылайша, бұл әрекеттер зияткерлік меншік құқығын қорғауға ықпал етеді, сондықтан бүкіл әлемнің озық тәжірибесін ескере отырып, контрафактіні жаһандық экономикаға төндіретін қауіп ретінде қарастыру маңызды. 

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде дәрілік заттарға патенттік құқықтарды қорғау, дәрілік заттардың қолжетімділігі, сондай -ақ өнертабыс патентімен қорғалған фармакологиялық белсенділігі бар дәрілік заттардың тізілімін жүргізу мәселелері талқыланды. 

Форумға қатысушылар жоғарыда аталған мәселелерді талқылауға белсенді қатысты, сонымен қатар тақырыптық сессиялар барысында қызу талқылаулар өткенін және тақырыптардың жан-жақты болғанын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы