Қызылордадағы меморгандарды бассыз басшылар басқарып отыр ма?

27 Тамыз 2021, 21:23
4082
Бөлісу:
Қызылордадағы меморгандарды бассыз басшылар басқарып отыр ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл басынан бері Қызылорда облысында қызмет көрсету талаптарын бұзған мемлекеттік органның басшыларына жалпы сомасы 393 795 теңгеге 10 әкімшілік айыппұл салынған.

Бұл жөнінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Рафхат Бисенов баспасөз мәслихаты барысында хабарлады.

Мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында кездесетін заңбұзушылықтардың негізгі себептері - мерзімдерді сақтамау және қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту болып отыр.

Айыппұл арқалаған басшылардың қатарында кент әкімі, аудандық бөлім басшыларынан бастап облыстық басқарма басшысы мен Қызылорда қаласының басшылығы да бар.

Атап айтар болсақ, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім берудің мерзімін бұзғаны үшін Қызылорда қаласы әкімінің міндетін атқарушыға 3 әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұлдар салынған.

Сондай-ақ, жер учаскелерін қалыптастыру жөнінде жерге орналастыру жобаларын бекіту қызметінің тәртібі мен мерзімін бұзғаны үшін облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы 2 рет әкімшілік айыппұл төлеген.

Бұдан басқа Жаңақорған ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысымемлекеттік қызметті көрсету мерзімдерін үш ай ішінде екі рет бұзып, айыппұлдар арқалаған.

Жыл басынан бері Қызылорда облысында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар саны өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда екі есеге артқан. Департамент мемлекеттік көрсетілетін қызметтер көрсету саласына бағалау және бақылау жүргізетін уәкілетті орган ретінде ай сайын мемлекеттік органдармен көрсетілетін қызметтерге тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, бұзушылықтарды анықтап, жауапты тұлғаларды әкімшілік және тәртіптік жауапкершіліктерге тартып отырады.Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады, - деді Рафхат Бисенов.

Айта кету керек, мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында заңбұзушылықтарға жол бергені үшін 2020 жылы 12 әкімшілік хаттама толтырылып, 437 257 теңге өндірілген болатын. Соның ішінде, Қызылорда қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы 4 рет, Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы 3 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Өзгелердің жаңалығы