Бас мүфти Смановтың отбасына көңіл айтты

1 Шілде 2020, 13:02
1768
Бөлісу:
Бас мүфти Смановтың отбасына көңіл айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы "Сарыағаш" медресе-колледжінің директоры Әбдіғаппар Шәкірұлының қайтыс болуына байланысты Смановтар отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады.

"Әлемді шарпыған жұқпалы дерт жас пен жасамыстың өміріне қауіп төндіруде. Көптеген отбасы қайғы жұтып, қара жамылуда. Жаман дерттің қаупі сейілер емес. "Сарыағаш" медресе-колледжінің директоры, белгілі дін жанашыры, бауырымыз Әбдіғаппар Смановтың қазасы туралы қаралы хабарды ауыр күйзеліспен қабылдадым. Бұл барша дін қызметкері мен жамағатқа ауыр тиген қайғылы хабар болды. Өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұжымы атынан Смановтар отбасына қайғыларыңызға ортақтаса отырып көңіл айтамын - делінген Бас мүфтидің жеделхатында.

Ол сонымен қатар Әбдіғаппар Шәкірұлының иманы өзіне серік болып, асыл дінімізді өркендету жолындағы әрбір амалы өзіне шапағат болуын тіледі. 

Марқұмның шәкірт тәрбиелеу, уағыз-насихат жүргізу, діни ағарту сынды ізгі істері сауабы үздіксіз жалғасатын амалдардың қатарында жазылғай. Алла Тағала Әбдіғаппар Шәкірұлын рақымына бөлеп, жәннатын нәсіп еткей. Артында қалған ағайын-жұрты мен отбасына Алладан көркем сабыр тілеймін. "Тас түскен жеріне ауыр" десе де бұл қайғылы хабар баршамызға ауыр тиді. Жаратқан Жаббар Иеміз алдынан жарылқап, нығметке бөленген құлдарының қатарына қоссын деп дұға етеміз. Алды пейіш болғай. Алла Тағала еліміз бен жерімізді жұқпалы дерттен аман етіп, осынау сынақты сәтті көркем сабырмен жеңетін күнді жақын еткей. Әмин - деді Бас мүфти.

Естеріңізге сала кетейік, белгілі уағызшы, дін қайраткері Әбдіғаппар Сманов бүгін қайтысболғаны туралы хабарланған болатын.

Өзгелердің жаңалығы