СҚО-да жаңа форматтағы мектеп жұмыс істейді

17 Сәуір 2021, 16:08
3704
Бөлісу:
СҚО-да жаңа форматтағы мектеп жұмыс істейді
PHOTO

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлдың дәл іргесіндегі Петрефельд ауылында Қызылжар – Абай орта мектебі былтыр ашылған болатын. Мұнда қазір 230 оқушы білім алып жүр. Мектептің ерекшелігі – оқыту мен тәрбие беру жүйесіндегі барлық әдіс-тәсілдер ұлы ақын Абай Құнанбайұлының падагогикалық идеялары мен принциптері негізінде жүргізіледі. 

Былтыр мемлекеттік – жеке меншік әріптестік негізінде 1969 жылы салынған ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіліп, білім беру формасы өзгерді. Тек сыртқы кейпі ғана емес, іші де адам танымастай кейіпке енді.

СҚО-да жаңа форматтағы мектеп жұмыс істейді

Барлық озық әдістерді қолданып отырмыз. Берілетін білім мазмұнымен қоса «қабырғалар оқтытады» принципін пайдаландық. Яғни, интерьер және экстерьер дизайнын дайындау үшін Қазақстанның ең үздік сәулетшілік бюросын тапсырыс бердік. Ашық оқу алаңы, релаксация кабинеті бастауыш сыныптардың интерактивті алаңына жаңа жабыдықтар орнатылды, қажет қондырғылармен толық қамтылды. Мектеп кітапханасына жаңа кітап қоры – барлық пәндер бойынша оқулықтар, көркем әдебиеттер, ғылыми-көпшілік туындылар жеткізілді, - дейді «Қызылжар – Абай» орта мектебінің директоры Бауыржан Төленов.
СҚО-да жаңа форматтағы мектеп жұмыс істейді

Әдетте ауыл мектептерінің материалдық тұрғыдан дұрыс қамтылмай, жағдайы нашар болатыны анық. Және, ең бастысы бұл нысанды ауыл тұрғындары тек жерлестері жұмыс істеп ақша табатын және балалары білім алатын әлеуметтік нысан ғана деп бағалайтыны өтірік емес. Ал, Қызылжар-Абай мектебі басқа мақсатты көздеп отыр. Яғни, бүкіл ауылға әлеуметтік- тәрбиелік, заңнамалық, психологиялық көмек көрсететін нысанға айналмақ.

Мектебіміз оқушыларды оқытатын, тәрбиелейтін нысан ғана емес, ауылдың бір мыңнан астам тұрғынын айналасына жинайтын орын болуы тиіс. Іс жүзінде бұл тұрғындарға қызмет көрсету десек те болады, бұл жерде психолог, заңгер, әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Жексенбі күндері тұрғындар мектепте білікті мамандармен кездесіп, денсаулық мәселесін, жасөспірім психологиясы, отбасы құндылықтары, кәсіпкерлік пен бизнес мәселелерін талқылап, пайдалы кеңестер алады, - дейді «Қызылжар Абай орта мектебі» қоғамдық қорының басшысы Ерлан Айтмухамбетов.
СҚО-да жаңа форматтағы мектеп жұмыс істейді

Мектептің жүрегі – мұғалім болғандықтан, педагогтардың барлығы арнайы курстан өтті. Қазір мұнда 49 мұғалім қызмет етеді. Мектепте Назарбаев Зияткерлік мектептерінде сынақтан өткен тәжірибелері пайданаланылады. Материалдық-техникалық жабдықтары, сапалы ғаламтор желісі, компьютерлер, үздік зертханалық кабинеттер де аталмыш мектепте бар. Бүгінгі күні мектептің химия, физика, биология, информатика кабинеттері ең соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Оқушылар замануи сандық технологиялармен қамтамасыз етілген. Осындай мектепте оқушылар жүйелі әрі креативті ойлауға үйренеді дейді ұстаздар. Ең бастысы, мұнда ұлттық педагогикаға басымдық беріледі.

Бұл – сараптаманың барлық түрінен өтіп, Қазақстанда қолдануға ұсынылған тұңғыш және әзірге жалғыз жоба. Ол дайын үлгіге негізделмеген, толығымен айрықша жаңа бастама. Бастапқы идеясынан оны толығымен жүзеге асыру үшін ең үздік мамандар тартылды. Мектеп философиясы Абайдың «Толық адам» концепциясына сүйенеді. Баланың физикалық, зияткерлік және рухани үйлесімді дамуына мән бере отырып, Абайдың «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген ұранын құндылықтар бастауы ретінде алдық. «Ыстық қайрат» бағытында оқушылардың денсаулығына, физикалық дамуына, әл-қуатының өсуіне жағдайлар жасалады. «Нұрлы ақыл» бағытында оқушылардың зияткерлік дамуына, терең білім алуына, дарындылықтың көзін ашып, дамытуға қажетті технологиялар іске қосылады, - дейді мектеп директоры Бауыржан Төленов.
СҚО-да жаңа форматтағы мектеп жұмыс істейді

Қазіргі күні Петерфельд ауылының маңында бірнеше шағын ауылдар бар. Сол елді мекендерден де оқушыларды жеткізу жоспарланып отыр, тіпті, болашақта интернат салу жоспар да бар. Осылайша, жаңа, ұлттық үлгідегі мектеп қалыптастырып, ауыл мен қала мектебінің айырмашылығын азайту жұмысы жүріп жатыр. Бұл жобаны елдің басқа аймақтарында да жүзеге асыру қолға алынбақ. Ал, Қызылжар-Абай мектебі тәжірибе бөлісуге дайын.


СҚО-да жаңа форматтағы мектеп жұмыс істейді


 

 

Өзгелердің жаңалығы